AI-Sana ұлттық бағдарламасы шеңберінде Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университеті жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласы мен оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда. Солардың негізгі бағыттарының бірі – дәрігердің интеллектуалды көмекшісін әзірлеуге арналған AiMed Voice жобасы, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаның бастапқы міндеті дәрігер мен пациент арасындағы диалогтарды автоматты түрде өңдеу және құрылымдау технологияларын әзірлеу болды. Бұл медициналық құжаттаманы жүргізу кезінде медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, пациенттерді тікелей тексеруге және клиникалық шешімдер қабылдауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Университеттің оқытушылары мен студенттерінен құралған пәнаралық команда дәрігер көмекшісінің жұмыс істейтін прототипін жасап үлгерді.
Әзірлеушілер ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Медициналық ақпарат қатаң бақылауды қажет ететіндіктен, жоба зерттеу және эксперименттік форматта жүзеге асырылуда. Оны клиникалық тәжірибеге толық енгізу үшін алдымен сенімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты барлық қажетті тексерулерден өтуі тиіс.
Зерттеулер барысында команда жасанды интеллект негізінде медициналық білім беруге арналған «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеу бағытын да айқындады. Модельденген цифрлық ортада студенттер науқастың анамнезін жинау дағдыларын жетілдіріп, клиникалық ойлау қабілетін дамытады және оқу сценарийлері негізінде шешім қабылдауды үйренеді. Бұл ретте жоба нақты пациенттердің жеке деректеріне қол жеткізбей, тек синтетикалық деректерді пайдалануға бағытталған.
AI-Sana бағдарламасына қатысу университетке цифрлық құралдарды әзірлеумен қатар, болашақ дәрігерлер арасында технологияларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттер жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін сыни тұрғыдан бағалауға үйренеді.
Университет алдағы уақытта да пәнаралық зерттеулерді жалғастырып, студенттерді ғылыми жобаларға тартуды және цифрлық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте деректер қауіпсіздігі мен медицина маманының шешім қабылдаудағы жетекші рөлі басты басымдық болып қала береді.


