20-22 қараша аралығында Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында полиция профилактикалық және жедел жұмыстарды күшейтті. Негізгі назар құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуге, қылмыстың алдын алуға және қаладағы криминогендік жағдайды тұрақтандыруға бағытталған.
Жол қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін қатаң бақылауға алады. Атап айтқанда, көлікті мас күйде басқару, белгіленген жылдамдықты асыру және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де әрекеттерге жол берілмейді.
Іс-шара барысында полицияның қажетті күштері мен құралдары жұмылдырылды. Жұмыс кешенді түрде ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әрбір жағдайға дер кезінде ден қоюға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
– Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, ең алдымен олардың алдын алу. Сондай-ақ туындаған қауіп-қатерлерге дер кезінде ден қойып, Алматының әрбір тұрғыны мен қонағы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды. Әсіресе жол қауіпсіздігіне және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін әрекеттердің жолын кесуге баса назар аударамыз, – деді Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция мегаполис тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын, жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.
Қала қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан әр азамат белгіленген талаптарды сақтап, қоғамдық тәртіпке бейжай қарамауы керек.


