Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге төккен 34 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында тіркелген. Полицейлер жергілікті тұрғынның тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген аумаққа төгіп жүргенін анықтады. Құқық бұзушылық полицейдің бейнежетонына түсіп қалған.
Тексеру барысында әйелдің бұл әрекетті бір рет емес, бір айдан астам уақыт бойы қайталап келгені белгілі болды. Нәтижесінде заңсыз төгілген қоқыстың жалпы көлемі 1 тоннадан асқан.
Аталған дерек бойынша әйелге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар ластанған аумақ толық тазартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Полиция тұрғындарға қоршаған ортаны таза ұстау әр азаматтың міндеті екенін ескертеді. Қоқысты белгіленбеген жерге төгу айналаны ластап қана қоймай, заң талаптарын бұзу болып саналады.


