Қазақстанның цифрлық болашағы: Президент жолдауы қандай мүмкіндікке жол ашады?

Қазақстанның цифрлық болашағы: Президент жолдауы қандай мүмкіндікке жол ашады?

Қазақстан цифрлық бастамадан жаңа технологияларды қолданысқа енгізуге көшу үшін қажетті негізді қалыптастырып үлгерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айқындалған жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шартының біріне айналып отыр. Философия, саясаттану мен дінтану институтының Цифрлық әлеуметтік зерттеу орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин осылай деді.

Сарапшының айтуынша, мемлекет басшысы цифрландыруға, жоғары технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға жүйелі түрде басымдық беріп келеді. Бұл бағыттар оның сөзі мен жолдауында үнемі көрініс тауып отыр. Себебі қазір технологиялық өзгеріс экономиканың ғана емес, тұтас мемлекеттердің даму бағытын айқындайды.

«Президент Тоқаевтың заман ағымын ерекше сезіне білетінін айта кету керек. Ол жыл сайын әрбір дерлік сөзінде, баяндамасы мен жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект мен жоғары технологияларды дамыту мәселесін Қазақстанның қазіргі заманғы дамуының басты басымдығының бірі ретінде атап өтеді», – деді Рүстем Мұстафин.

Сарапшы жасанды интеллектінің әлемдік технологиялық күн тәртібіндегі негізгі бағыттың біріне айналғанын айтты. Бұл үдеріске ірі технологиялық державалар ғана емес, сонымен қатар қарқынды өзгеріп жатқан әлемде өз позициясын нығайтуды көздейтін мемлекеттер де белсенді түрде қосылды. Қазақстан жаңа технология беретін осы мүмкіндікті жіберіп алмауы керек.

«Сондықтан технологиялық даму бәйгесінен қалып қоймау, шартты түрде айтқанда, көштің соңында қалмау үшін президент бұл бағытқа айрықша басымдық беріп отыр», – деп толықтырды сарапшы.

Рүстем Мұстафиннің бағалауынша, Қазақстанда цифрлық шешімді кеңінен әрі іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін құқықтық база мен ішінара инфрақұрылым қалыптасқан. Еліміздің электрондық мемлекеттік қызмет көрсету саласында да ауыз толтырып айтатындай жетістігі бар.

«Мұны жай ғана мақтау сөз деп ойлауға болмайды. Қазақстан цифрлық үкімет қызметін ұсыну бойынша әлемдегі жетекші орынның бірін иеленіп отыр», – деп түйіндеді сөзін сарапшы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан өңірлерінде өнеркәсіптік, әлеуметтік, спорттық, көлік инфрақұрылымын және шұғыл ден қою...

Түркістан қаласында азық-түлік саудасы мен қоғамдық тамақтану саласының тиімді жұмыс істеуі өнімдерді дұрыс сақтау және жеткізу жүйесіне байланысты. Әсіресе...

Ербол Мырзабосынов Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. 100 келіге дейінгі салмақ...