Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан республикалық чемпионат мәресіне жетті, деп хабарлайды No-comment.kz - Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ел біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен 200-ге жуық үздік спортшы қатысты. Жарыста Қарулы күштер намысын Армия орталық спорт клубының сегіз өкілі қорғады.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сайрамкез Ақмолда қарсыластарынан оқ бойы озып, жеңімпаз атанды. Ол жұлқа көтеру және серпе көтеру жаттығуларында үздік нәтиже көрсетіп, қос сайыс қорытындысы бойынша 302 келі салмақты бағындырды.
-Ауыр атлетикаға мектеп қабырғасында жүрген кезімнен қызықтым. Бұл спорт түрін таңдауымa даңқты Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің жетістіктері үлкен әсер етті. Осы чемпионатқа бір жарым ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Алдағы басты мақсатым – Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын абыроймен қорғау, – деді Сайрамкез Ақмолда.
Сондай-ақ АОСК спорт ротасының әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Бағдат Мамытқұл да жоғары нәтиже көрсетті. Ол 110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қос сайыс қорытындысы бойынша 364 келі көтеріп, жеңімпаз атанды.
Ал 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қарулы күштердің қызметшісі Александр Уваров жұлқа көтеруде қола, серпе көтеруде күміс медаль жеңіп алды. Қос сайыста 366 келі нәтижеге қол жеткізген спортшы жалпы есепте алтын медаль иеленді.
Әйелдер арасында 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қарулы күштердің қызметшісі Любовь Ковальчук 235 келі көтеріп, чемпион атанды.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде де АОСК өкілдері жеңіс тұғырынан көрінді. Қарулы күштердің қызметшісі Ақжол Құрманбек екі жаттығудың қорытындысы бойынша 363 келі көтеріп, алтын медаль жеңіп алды. Ал оның қаруласы Едіге Емберді 345 келі нәтижемен күміс жүлдегер атанды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде де Қарулы күштердің спортшылары жүлдегерлер қатарынан табылды. Алексей Дроздов қос сайыста 253 келі көтеріп, күміс медаль иеленсе, қатардағы жауынгер Азамат Төлеген 246 келі нәтижемен қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша алдағы халықаралық жарыстарға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.


