Алаяқтың ең қауіпті 6 тәсілі: СҚО-да робот-ит тұрғындарға интернет-алаяқтық туралы ескертті

Алаяқтың ең қауіпті 6 тәсілі: СҚО-да робот-ит тұрғындарға интернет-алаяқтық туралы ескертті

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін робот-итті пайдаланып жүр. Заманауи құрылғы тұрғындарға алаяқтардың кең таралған алты тәсілі туралы ақпарат беріп, сақтық шараларын түсіндіреді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Профилактикалық акция аясында робот-ит Петропавл қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарында, әуежайда және теміржол вокзалында тұрғындарға интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері туралы ескертті.

Биылғы 10 айда Солтүстік Қазақстан облысында 443 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 302-сі түрлі ұйымдардың атын жамылып, азаматтарға жалған қоңырау шалумен байланысты. Алаяқтар көбіне аурухана, ұялы байланыс операторлары немесе коммуналдық қызмет өкілдері ретінде хабарласады.

Мұндай жағдайда қаскөйлер алдымен азаматтарды SMS арқылы келген растау кодын айтуға көндіреді. Кейін басқа адам хабарласып, сол кодтың көмегімен олардың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей туғызады. Несие рәсімдеп, қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынады. Алайда аталған шот алаяқтарға тиесілі болады.

Интернет арқылы тауар сатып алу кезінде де сақтық қажет. Алаяқтар тауарлар мен қызметтерді нарықтағы бағадан арзан ұсынып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Ақшаны алғаннан кейін уәде етілген тауарды немесе қызметті ұсынбайды.

Сондай-ақ қаскөйлер белгілі интернет-дүкендердің жалған көшірмелерін жасайды. Мұндай сайттардың атауы мен сыртқы көрінісі түпнұсқаға ұқсас болғанымен, электронды мекенжайы бір ғана таңбамен ерекшеленуі мүмкін. Нәтижесінде сатып алушы аударған қаражат алаяқтардың қолына түседі.

Алаяқтықтың тағы бір түрі мессенджерлер арқылы жүзеге асырылады. Қаскөйлер азаматтардың туыстары мен таныстарының атынан шұғыл ақша аударуды сұрайтын хабарламалар таратады. Мұндай жағдай телефонға зиянды бағдарлама жұққанда немесе құрылғы бұзылғанда, оның иесінің хабарынсыз орын алуы мүмкін.

Полицейлер соңғы уақытта өңірде таралған тағы бір қауіпті тәсілге назар аударып отыр. Алаяқтар шығармашылық байқауға қатысып жатқан балаға дауыс беруді сұрап, арнайы сілтеме жібереді. Оған өткен жағдайда телефонға банк шоттарындағы қаражатты ұрлауға қабілетті зиянды бағдарлама жұғуы мүмкін.

Бұдан бөлек, инвестиция салу, биржада сауда жасау және ақшаны қысқа мерзімде көбейту туралы ұсыныстар да азаматтарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Жыл басынан бері облыста осындай 22 алаяқтық дерегі тіркелген. Олардың саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, келтірілген шығын ондаған миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің айтуынша, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар оң нәтиже беруде.

– Полиция азаматтардың назарын аудару және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік қағидаларын еске салу мақсатында интернет-алаяқтықтың алдын алудың түрлі тәсілдерін қолданады. "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан белсенді профилактикалық жұмыс өз нәтижесін беруде. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда интернет-алаяқтық деректерінің саны 29,9 пайызға азайды, – деді Әлібек Құжахметов.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ