Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Кремльде Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Кездесуде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 конференциясының маңызына тоқталып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қазіргі әлемдегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

– Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың тәжірибесін, әсіресе киберқауіпсіздік саласындағы жетістіктерін қызығушылықпен зерделеп отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымын 30 миллиард долларға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Сауда-саттыққа қатысты өте дұрыс айттыңыз. Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ Президенті Дональд Трамп және Ресей Президенті Владимир Путин қатысқан Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесу қорытындысына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы қабылданған декларацияның мазмұны мен маңызын жоғары бағалап, оны Ресей дипломатиясының маңызды жетістігі ретінде атап өтті.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге сапармен келгені үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.

– Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушылармен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз, – деді Ресей Президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан «Бір белдеу, бір жол» энергетика жөніндегі 4-ші...

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Заң қызметі департаменті Әділет министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, Министрлік қызметкерлері мен оның аумақтық...