Қазақстанда ресми түрде еңбек ететін әрбір азамат денсаулығына байланысты туындауы мүмкін күрделі әлеуметтік тәуекелдерден сақтандырылған.Егер адам ауруға шалдығу немесе жарақат алу салдарынан еңбек ету қабілетін жартылай не толық жоғалтса, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі оған қосымша қаржылай қолдау көрсетеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мынаны білу керек:Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы қосарлы әлеуметтік қолдауға ие болады:- республикалық бюджеттен төленетін мүгедектік бойынша базалық мемлекеттік жәрдемақы. Бұл – еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан, әрбір азаматқа кепілдендірілген төлем;- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) төленетін қосымша ай сайынғы әлеуметтік төлем. Ол базалық мемлекеттік жәрдемақыға қосымша тағайындалып, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қаржылай қорғауға бағытталған.Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Ол әлеуметтік аударымдардың қанша уақыт бойы төленгеніне, сондай-ақ азаматтың ресми табысының мөлшеріне байланысты болады.Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым ұзақ әрі ресми табысы жоғары болған сайын, төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері де соғұрлым артады.Бұл ретте әлеуметтік төлем азамат зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады.
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін құжат жинап, кезекте тұрудың қажеті жоқӘлеуметтік төлем тағайындау үдерісі толық цифрландырылған, бұл азаматтарды артық әуре-сарсаңнан арылтады.Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілегеннен кейін тиісті мәліметтер ақпараттық жүйеге автоматты түрде келіп түседі.Жүйе азаматтың әлеуметтік төлем алуға құқығын өздігінен тексеріп, қолдау алу үшін өтініш беруге мүмкіндік беретін проактивті SMS-хабарлама жібереді.Сонымен қатар азаматтар әлеуметтік төлем тағайындау үшін eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-на жүгіну құқығын сақтайды.
Бұл қолдаудың сұранысқа ие әрі қолжетімді екенін нақты көрсеткіштер де дәлелдейді. Ағымдағы жылдың 10 айында Қордан еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді 98,8 мың адам алып, оларға жалпы сомасы 50,4 млрд теңге төленді.Төлем тағайындауға өтініш білдірген азаматтардың 30%-дан астамы оны рәсімдеу үшін электрондық арналарды пайдаланған.Осылайша, ресми жұмыспен қамтылу әрбір жұмыс істейтін қазақстандық үшін әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қаржылық тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімін сақтауға мүмкіндік беретін берік қорғаныс тетігі болып табылады.Қордан төленетін бұл әлеуметтік төлемнің мөлшері нақты қандай көрсеткіштер негізінде есептелетіні туралы келесі материалымызда егжей-тегжейлі баяндаймыз.


