Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Үштағанда отандық технология негізінде алтын бөліп алу кәсіпорны салынып жатыр

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Үштағанда отандық технология негізінде алтын бөліп алу кәсіпорны салынып жатыр

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан кен байыту фабрикаларын жаңғыртып, жаңа кәсіпорындарды іске қосты. Осы кезеңде тау-кен металлургия саласының ғылыми-техникалық әлеуеті де нығайды. Бұған «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның филиалы – ВНИИцветмет ұжымы да үлес қосты. Институт ғалымдары еліміздегі кен орындарынан алынған кенді зерттеп, одан алтын бөліп алу технологияларын әзірледі. Сондай-ақ кәсіпорындарды жобалауға қажет технологиялық регламенттер дайындап, әзірлемелерін саладағы серіктестерімен бірге өндіріске енгізуге атсалысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Мұндай әріптестіктің бір мысалы – Секисов кен орны. 2008 жылы мұнда алтын бөліп алу фабрикасы іске қосылды. Фабрикада құрамында алтыны бар сульфиді аз және сульфидті кендерді өңдеу үшін сорбциялық шаймалау әдісі қолданылды. 2009 жылы Солтүстік Райгородок учаскесінде үгілу қыртысындағы алтынды кенді үймелеп шаймалау әдісімен өңдейтін кәсіпорын жұмысын бастады. 2014 жылы ВНИИцветмет мамандары саладағы серіктесімен бірге Шарық кен орнында үймелеп шаймалау кәсіпорнын іске қосуға қатысты.

ВНИИцветмет ұжымы бұл жұмысты бүгінде де жалғастырып келеді. Институттың кейінгі әзірлемелерінің бірі – Үштаған кен орнындағы алтынды кенді өңдеу технологиясы. Зерттеу қорытындысы бойынша мамандар кенді чанда сорбциялық шаймалау әдісін қолдануды негіздеп, технологиялық регламент әзірледі. Жер қойнауын пайдаланушы осы регламентке сүйеніп, алтын бөліп алу кәсіпорнын жобалады және оның құрылысын бастады. Кәсіпорында жылына 0,8-0,9 тонна Доре қорытпасын шығару жоспарланып отыр.

Үштағандағы жоба – қазақстандық ғалымдардың еңбегі өндірісте қолданыс тапқан мысалдардың бірі. Салынып жатқан кәсіпорын зертханалық зерттеу нәтижелеріне сүйеніп жобаланды.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ВНИИцветмет ардагерлері мен қызметкерлеріне отандық тау-кен металлургия саласына сіңірген еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Осы жылдар ішінде өндіріс мамандарымен бірге еліміздегі кенді зерттеп, соның негізінде әзірленген технологияларды алтын бөліп алу фабрикаларына енгіздік. Зертханадағы еңбегіміздің нәтижесі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа кәсіпорындарды жобалауға көмектесіп жатқанын көру біз үшін айрықша маңызды.

Бүгінде осы істі жалғастырып, жинаған тәжірибемізді жас мамандарға үйретіп келеміз. ВНИИцветмет ұжымы атынан әріптестерімізді, серіктестерімізді және барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық пен ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді ВНИИцветмет директоры Игорь Старцев.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан қаласының кәсіпкерлік құрылымында қоғамдық тамақтану саласының экономикалық маңызы ерекше. Тұрғындар мен қала қонақтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ететін асханалар,...

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан кен байыту фабрикаларын жаңғыртып, жаңа кәсіпорындарды іске қосты. Осы кезеңде тау-кен металлургия саласының...