Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова мен Инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті Әлия Сәбитова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдарды құрметтеуге бағытталған ортақ бастамаларды қолға алмақ. Алдағы жұмыс Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы негізінде жүргізіледі.
Қоғамдық орындарда, көлікте, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және жұмыс орындарында инклюзивті әдеп нормаларын орнықтыруға басымдық беріледі.
Бұл бағыттағы жұмыс ғылыми деректерге сүйене отырып жүргізіледі. Осы мақсатта зерттеулер, фокус-топтық талқылаулар ұйымдастырылып, қоғамның көзқарасы зерделенеді.
Бастама «Біз туралы ешбір шешім бізсіз қабылданбауы тиіс» қағидаты бойынша мүгедектігі бар адамдардың тікелей қатысуымен талқыланады.
Ынтымақтастық инклюзивті қоғамды қолдау бағытында ҚҚДИ-дің зерттеу мүмкіндігі мен ИҚДА-ның практикалық тәжірибесін ұштастыруды көздейді.


