Таразда ғалымдар ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылады

Таразда ғалымдар ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылады

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өткен халықаралық ғылыми-теориялық форумда ғалымдар ортағасырлық Қазақстан тарихын жазба деректер мен археологиялық материалдар негізінде зерделеу мәселелерін талқылады. Форум аясында Тараз университеті мен Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институты ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды No-comment.kz – Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

«Ортағасырлық Қазақстан тарихын жазба деректер негізінде зерттеудің өзекті мәселелері: ерте ортағасырлық мемлекеттерден Мұхаммед Хайдар Дулати дәуіріне дейін» атты форумға отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, докторанттар және жас зерттеушілер қатысты. Қырғызстан, Өзбекстан және Үндістан ғалымдары Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы жөніндегі зерттеулерін таныстырды.

Форумның ашылуында университеттің директорлар кеңесінің төрағасы Рақымбек Жолаев пен басқарма төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаева сөз сөйледі. Қол қойылған меморандум аясында тараптар ортағасырлық Қазақстан тарихын зерделеу бойынша бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруды және тәжірибе алмасуды көздейді.

Пленарлық отырыста «Тарих-и Рашиди» және «Маджму ат-таварих» еңбектеріндегі Моғолстан тарихы, Заһираддин Мұхаммед Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларындағы тарихи үндестік, сондай-ақ Қытай тарихнамасындағы Шағатай ұлысы мәселелері қаралды. Ғалымдар Қазақстан аумағындағы ерте ортағасырлық ескерткіштердің этникалық тиесілігін анықтау, Талас аңғарындағы көне жазулар, Жошы Ұлысы мен ортағасырлық Түркістан тарихы бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Қатысушылар Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі деректерге, Қазақ хандығының қалыптасуына назар аударды. Сондай-ақ «Едіге» эпосы, Оғыз хан бейнесі, Қайду ұлысының шекарасы, Жошы Ұлысындағы әйелдердің биліктегі рөлі және ортағасырлық ономастика бойынша баяндамалар жасалды.

Форум аясында Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры, PhD Жақсылық Сәбитов ашық дәріс оқыды. Дәрісте тарихи деректердің сенімділігін бағалау, автордың ұстанымын айқындау және түрлі дереккөздердегі мәліметтерді салыстыра талдау тәсілдері қарастырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес...

Түркістан қаласының өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру барысында кәсіби инженерлік қызметтердің маңызы ерекше. Өндірістік нысандарды ұйымдастыру,...