Үкіметте автожол жобалары мен өңіраралық жолдарды дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды

Үкіметте автожол жобалары мен өңіраралық жолдарды дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға, оның ішінде жаңа автожол жобаларын іске асыру, өңіраралық желіні дамытуға назар аударылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев саланың ағымдағы жағдайы мен даму жоспарлары туралы, «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашев жол жұмыстарын жүзеге асыру және цифрлық шешімдерді енгізу туралы, Жол активтері сапасы ұлттық орталығының басшысы Болатбек Айтбаев  жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау туралы баяндады. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Көлік министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал 70 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі. 

Алдағы үш жылда 32 мың шақырым жергілікті жолдарды нормативтік жағдайға келтіру, қамту көлемін бес есеге арттыру жоспарлануда. 2029 жылға қарай 10 мың шақырым жол орта мерзімді жөндеуден өтеді, оның 5 мың шақырымы қазірдің өзінде аяқталды.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет. Жұмысты бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, «Орталық – Батыс» жобасын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.  

Жол сапасы мәселелері бойынша әкімдіктерге азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру, уақтылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды жөндеу барысына бақылауды күшейту тапсырылды.

«Сапалы жолдар – жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қана емес, сондай-ақ өңірлердің экономикалық өсуі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға да мүмкіндік береді. Жол құрылыстары мен жөндеу жұмыстарында технологияларды қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру – Көлік министрлігіне ғана емес, әкімдіктерге де қатысты мәселе. Оны бірінші басшылар тұрақты бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше назар аударылды.  Бұл орайда ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді.

Бірақ олар негізінен ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Сондықтан, трассалардың бойында сервистік орталықтарды біркелкі ашып, жүргізушілерге жанармай бекеттері мен қонақ үйлерге дейінгі қашықтық туралы мәлімет беретін жол белгілерін орнату керек.

Сонымен қатар шекаралық өткізу бекеттерінің маңында жүргізушілерге қызмет көрсететін сервистік нысандар ашу бойынша шаралар қабылдануы тиіс.

Премьер-министр транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктеріне де сапалы қызмет қажет екенін атап өтті. Сервистік сегменттің бұл түріне сұраныс жоғары, оны отандық бизнес ұсына алады. 

Жалпы, жаңа автожол жобаларын кешенді түрде жүзеге асырып, инфрақұрылымды дамытуды және жөндеу жұмыстарының толық көлемде аяқталуын қамтамасыз ету  қажеттігі атап өтілді.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. 

  • Жол бойындағы сервисті дамыту.  Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп 1 мамырға дейін тиісті стандарттар мен бизнесті ынталандыру шараларын сақтай отырып, әр өңірде жол бойындағы сервисті дамытудың егжей-тегжейлі картасын әзірлеу тапсырылды. 

  • Автожол саласын цифрлық трансформациялау ісі. Көлік және Жасанды интеллект министрліктеріне «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен Сапа орталығына осы жылдың соңына дейін республикалық, жергілікті және қалалық желілер бойынша деректерді интеграциялап, жолдардың жағдайын, жұмыстардың барысы мен бюджет қаражатының тиімділігін бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырылды. Бұл объективті жағдайды нақты уақыт режимде бақылауға және ақауларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді.

  • Қозғалыс қауіпсіздігі. Көлік министрлігіне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерімен және әкімдіктермен бірге мамыр айының біріне дейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарларын жаңартуды тапсырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ