Түркістан облысы бойынша жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Облыста 1 жылу энерго орталығы, 34 орталықтандырылған және 1 622 автономды қазандық бар. Өңірдегі 737 көпқабатты тұрғын үй мен 2 243 бюджеттік мекемеге жылу тұрақты берілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жылыту маусымын тұрақты бақылауда ұстауды ескертті.
Түркістан облысына 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына жалпы қажеттілік көмір көлемі 684,2 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта жалпы қамтылу көрсеткіші 500 мың тонна немесе 73 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта жылыжай иелері тарапынан көмірді сатып алу қарқыны артуда. Түркістан өңіріне көмір тасымалдаумен 23 өңірлік оператор айналысады. Көмір тұйықтарындағы көмір қоры 68 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы жағдай тұрақты.
Облыстағы №5 жылу электр орталығында 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өткізіліп, резевте тұр. №6 турбогенератор қайта жөнделіп, іске қосылды. Жобалық қуаттылығы – 5 МВт және 4 МВт электр қуатын өндіруде.
Сондай-ақ 2023-2024 жылдары Кентау қаласындағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралды жылу желілері ауыстырылды. 4 ескірген насостық станция қайта жаңартылып, жылу желілеріндегі гидаравликалық қысым реттелді. Одан бөлек, Арыс қаласындағы табиғи газбен жылытылатын орталық қазандықтар пайдалануға берілді. Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын жарамсыз 150 метр жылу желілері толық ауыстырылып, резервтік қазандық орнатылды. Созақ ауданы бойынша Таукент кентінде 5 қазандықта, Қыземшек кентінде 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу берілуде. Оған қоса, 2940 метр жылу желілері жаңартылды.
Түркістан облысында жылыту маусымының өту барысы аймақ басшысының бақылауында тұр.