Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрі Ерлан Нысанбаев бірқатар өндірістік кәсіпорындарда болды: "Новопэк" ЖШС, "Нитро-Продакт" ЖШС, "Altyntau Kokshetau" АҚ, "Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы" ЖШС, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
"Нитро-Продакт" ЖШС-де ведомство басшысы өндірістік қуаты жылына 1200 тонна болатын полимерлерді қайта өңдеу процесімен танысты.
Келесі нысан "Новопэк" ЖШС жылдар бойы полимерлі қаптаманы өндіру бойынша көшбасшы болып табылады. Зауыт Австрия, Италия, Түркия және Тайваньның заманауи жабдықтарымен жабдықталған, ал өндірісте полимерлі шикізат пен жоғары сапалы шетелдік қоспалар қолданылады. Толық циклді өндіруші кәсіпорын бола отырып, айына 8 млн. данадан астам дайын өнім өндіру қуаттылығына ие.
"Altyntau Kokshetau" АҚ Зеренді ауданында орналасқан Қазақстанның ірі алтын өндіруші компаниясы. Аталмыш кәсіпорын қызметкерлері өндіріс, экологиялық заңнаманы іске асыру мақсатында қабылданатын шаралар, сондай-ақ эмиссия көлемі турасында айтты. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Е. Қожықов кәсіпорын бірінші санаттағы объект бола отырып, ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуды қамтамасыз етуі, ең үздік қолжетімді техниканы енгізуі және кешенді экологиялық рұқсат алу үшін материалдарды дайындау рәсімін бастауы тиіс екенін атап өтті.
"Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы" ЖШС 2010 жылы құрылған және "Вираж" холдингінің еншілес кәсіпорны болып табылады, ауыл шаруашылығы, мамандандырылған және коммуналдық техниканы өндіру (құрастыру) және жеткізу саласында қызмет етеді.
Қазақстандық Агро Инновациялық корпорация ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші болып табылады және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жүйесіне қатысады.