Талдықорған театрының рухани керуені: 50 жылдық мерейтойлық гастроль Шымкентте жалғасады

Талдықорған театрының рухани керуені: 50 жылдық мерейтойлық гастроль Шымкентте жалғасады

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры өзінің 50 жылдық мерейтойы аясында республика өңірлеріне гастрольдік сапарлар ұйымдастырып, театр өнерін кеңінен насихаттауда. Осы мерекелік шара аясында театр ұжымы 2025 жылдың 27–30 сәуірі аралығында Шымкент қаласының өнерсүйер қауымына өз репертуарындағы үздік қойылымдарын ұсынбақ.
Гастрольдік бағдарламада Б. Римованың «Қос мұңлық» драмасы, Ж. Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» драмасы, А. Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы, А. Аламанның «Жалқаудың жыры» атты балалар ертегісі және Д. Исабековтің желісі бойынша сахналанған «Қазақы комедия» қойылымы бар.
Театр ұжымының басты мақсаты – мәдени байланысты нығайту, өнер арқылы Шымкент қаласының тұрғындарымен етене жақын танысып, Талдықорған қаласының бай мәдени мұрасын өзге өңірлерге кеңінен таныту.
Гастрольдік репертуар шымылдығын Бикен Римованың «Қос мұңлық» драмасы ашады. Қойылымның қоюшы-режиссері – Мұрат Ахманов, қоюшы-суретші – Қарлығаш Шалабаева. Бұл туындыда ата-ана мен ұрпақ арасындағы күрделі қарым-қатынас, қартайған шағындағы еленбеген қамқорлық сынды қоғамдағы өткір мәселелер шынайы бейнеленеді. Жастардың жеңіл өмірге ұмтылысы, ішімдік пен нашақорлықтың зардаптары арқылы ата-анаға деген құрмет пен жауапкершіліктің маңыздылығы ашылады.
Ж. Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымында (қоюшы-режиссері – Д. Базарқұлов, суретші – А. Рычкова) ұлттық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесі және азаматтық жауапкершілік терең қозғалған. Қазақ жігіттерін әр қазақ қызын қарындасындай құрметтеуге және ұлт намысын қорғауға шақырған үндеу көрерменге ерекше әсер қалдырады.
А. Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы (қоюшы-режиссер – А. Шарипов, суретші – Ж. Дүйсенбаев, костюм-суретші – Қ. Шалабаева) отбасы құндылықтарын арқау етеді. Бірнеше отбасының тағдыры арқылы қазіргі қоғамдағы қарым-қатынастар, ажырасу себептері және отбасылық жауапкершіліктің мәні тереңнен ашылады. Қойылым соңындағы «Мен сені сағындым. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген жүрекжарды сөздер көрерменді тебірентпей қоймайды.
Балаларға арналған А. Аламанның «Жалқаудың жыры» ертегісі (қоюшы-режиссер – Н. Өтеулинова, суретші – А. Базарбекова) жас көрерменді еңбекқорлыққа, достық пен әдептілікке тәрбиелеуді мақсат етеді. Смартфондар мен ойыншықтардың бейнесі арқылы оқиға балаларға түсінікті әрі қызықты түрде ұсынылған. Жалқаулықтың зияны мен еңбектің қадірі көркем жеткізіледі.
Сондай-ақ, көрермендерге Д. Исабековтің шығармасы негізінде сахналанған Б. Ұзақовтың «Қазақы комедиясы» ұсынылады. Қоюшы-суретші – Рахат Сапаралиева, режиссердің ассистенті – Еркебұлан Айдымбаев. Әзіл мен өмірлік шындық үйлесім тапқан бұл қойылым қазақ ауылындағы қарапайым өмір көріністерін шынайы бейнелеп, салт-дәстүр мен адамгершілік құндылықтарын насихаттайды.
Талдықорған театрының бұл шығармашылық сапары – өнер арқылы жүрекке жол табу, рухани байланыс орнату әрі мәдениетке деген құрметті арттырудың көрінісі.
Театр ұжымы Шымкент тұрғындарын қойылымдарды тамашалауға, кәсіби пікір білдіруге және мәдени шараны ақпараттық қолдауға шақырады.
Қосымша ақпарат пен билеттер: 8 (777) 394 88 15 немесе Ticketon.kz сайтында.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ