Ауылдарда 467 медициналық нысан салынды: Үкіметте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы қаралды

Ауылдарда 467 медициналық нысан салынды: Үкіметте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуы қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері өңірдегі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Ұлттық жобада көзделген 655 нысанның ішінен бүгінде 467 медициналық мекеменің құрылысы аяқталған, 2025 жылы тағы 188 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанында жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. 2026 жылы қолданысқа берілетін 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы денсаулық сақтау сапасын жақсарту үшін іске асырылып жатқан ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталды.

«Жоба, біріншіден, ауылдық жердегі медициналық көмекті қолжетімді ету үшін бірқатар кешенді мәселені шешуге ықпал етеді. Яғни, азаматтар өздерінің тұрғылықты жерінде шұғыл көмекке қол жеткізе алады. Екіншіден, заманауи құрал-жабдықтар есебінен медициналық қызметтердің сапасы жақсарады. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты да – осы. Үкімет тарапынан алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салуға республикалық бюджеттен шамамен 124 млрд теңге, ал аудандық ауруханаларды қайта жаңғыртуға 31 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен толықтырылып жатқан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға бөлінді. 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 млрд теңгеден астам қаражат салынды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазіргі уақытта ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 5 өңірде: Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында нысандардың құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды. Құрылыс қарқыны бойынша Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында белгілі бір тәуекелдер бар. 

Премьер-министр жұмыс кестесінен артта қалған нақты аймақтарды атады. Мәселен, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 нысан бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес.

Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған құрылыс қарқынын арттыру, әсіресе жобалық құжаттаманы дайындау рәсімдерін және медициналық құралдармен жабдықтау мәселесін жеделдету жөніндегі тапсырмасына назар аударды.

«Өңір әкімдері тарапынан дәл осы жобалау және құрылыс жұмыстарына бақылаудың кемшін болуы Ұлттық жобаны іске асыру мерзімдерінің созылып кетуіне алып келеді. Нысандарды уақтылы тапсыру үшін құрылыс маусымын тиімді пайдалану керек. Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу – бар күш-жігерді жұмылдыруды қажет етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне биыл құрылысы аяқталуы жоспарланып отырған 188 медициналық нысанның салыну барысына апта сайын мониторинг жүргізуді және ауруханаларды жаңғырту жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Заманауи медициналық құралдарды уақтылы сатып алу және нысандарды жабдықтау бойынша қажетті шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілді. 

Өңір әкімдеріне биыл жоспарланған барлық медициналық нысандарды мерзімінен кешіктірмей, сапалы іске асыру және уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді. Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктеріне осы жылдың 15 мамырына дейін аудандық ауруханаларды жаңғырту бойынша барлық жобалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамаға жіберу қажеттігі атап өтілді. 

Премьер-министр қолдау шараларының толық әлеуметтік пакетін қамтамасыз ете отырып, медициналық кадрларды қазірден бастап тарту жөнінде нақты шаралар қабылдауды міндеттеді. 

Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне осы жылдың 1 маусымына дейін ауруханаларды жаңғырту бойынша жобалардың мемлекеттік сараптамасын аяқтау тапсырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің былтыр атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, биылғы жоспары таныстырылды, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме...