Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун құрылыс саласындағы қызметтер реинжинирингі туралы баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Ол құрылыс саласы мен қала құрылысы кадастрын цифрлық трансформациялау аясында екі негізгі мақсат қойылатынын атап өтті:
-
құрылыс пен қала құрылысы кадастрының тиімділігі мен сапасын арттыру,
-
сондай-ақ деректердің ашықтығы мен сапасын жақсарту. Бұл салаға технологиялық даму, ашықтық және тәуекелдерге төзімділік тұрғысынан серпін береді.
Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 129 қызметті және олардың кіші түрлерін көрсетеді, 2024 жылы 6 млн миллион қызмет көрсетілді, оның 96%-ы электрондық форматта.
«Біз қызметтерді электронды форматта да жеңілдету үшін реинжиниринг жүргізу бойынша жұмысты жалғастырамыз. Құрылыс индустриясында қазір жақсарту үшін реинжиниринг жүргізу қажет үдерістер бар. Әзірге құрылыстың әртүрлі кезеңдерінде құрылыс құжаттарының сканерлері өтетін түрлі ақпараттық жүйелер қолданылады», — деді Дмитрий Мун.
Вице-министр сонымен қатар құрылыстың барлық кезеңдерінде BIM технологиясын енгізу жоспарлары туралы хабарлады.
BIM – бұл болашақ ғимараттың барлық бөлшектері: қабырғалар, құбырлар, жабдықтар көрінетін 3D-моделі. Бұл технология қателіктерді алдын ала анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді;
BIM жобалау және құрылыс құжаттарын біртұтас цифрлық модельге біріктіреді және өзекті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Бұл келесі мәселелерге көмектеседі:
• жобалау және құрылыс мерзімін 25%-ға дейін қысқартуға;
• құрылыс шығындарын 10% және одан да көп үнемдеуге;
• құрылыс аяқталғаннан кейін ғимаратты пайдалануға кететін шығындарды 15%-ға дейін азайтуға болады.
Сондай-ақ азаматтардың қолайлығы үшін шағын ғимараттарды бұзу үдерісіне реинжиниринг жүргізілді. Оларға – сарайлар, монша, күркелер, жазғы ас үй сияқты құрылыстар жатады.
«Біз мұндай нысандарды бұзу үшін жеке рұқсат талап етпей, оны қарапайым хабарламаға ауыстыруды ұсынамыз. Қазіргі уақытта бұл үшін азаматтар әртүрлі мекемелерге барып жүгінуі керек болса, біз бұл үдерісті толығымен «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» жүйесі арқылы автоматтандырғымыз келеді. Нәтижесінде қызмет алу қадамдары 87%-ға, ал қажетті құжаттар саны 86%-ға қысқарады», — деді Дмитрий Мун.
Спикер сондай-ақ Министрлік құрылыс саласындағы инновациялық жобаларды Astana Hub арқылы қолдайтынын айтты. Оның дерегінше, қазірдің өзінде 31 жоба бар. Олар:
-
сатып алуларды автоматтандыруға,
-
құрылыс жұмыстарының басқарылуын қашықтан жүзеге асыруға
-
тіпті онлайн жөндеу қызметтерін тапсырыс беруге көмектеседі.
Бұл жобалар миллиардтаған теңге табыс әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашады. 2024 жыл бойынша жалпы табыс 12,6 млрд теңге, ал жұмыс басталғаннан бері 32 млрд теңге болды.
Вице-министр құрылыс саласында әлем бойынша жаңа технологиялар белсенді түрде қолданылып жатқанын айтты. Мәселен, Қытайда, Канада, АҚШ және Ресейде ғимараттарды қабат-қабат етіп басып шығаратын құрылыс 3D-принтерлері қолданылады.
«Орталық Азиядағы алғашқы осындай үй (100 м² ) Алматыда 5 күн ішінде салынды. Бұл үй 60 МПа дейінгі беріктігі бар бетоннан жасалған, пенополистиролмен жылытылған, -57°C суыққа, +49°C ыстыққа және 7 балға дейінгі жер сілкіністеріне төтеп бере алады», — деді ол.
Басқа мысалдар бар:
-
Ұлыбританияда құрылыс барысын бақылау үшін жасанды интеллект қолданылады.
-
Нидерландыда ғимараттардың дәл 3D-модельдерін жасау үшін лазерлік сканерлеу пайдаланылады.
-
Австрияда жұмыстардың сапасын тексеру үшін кеңейтілген шындық технологиясы енгізілген.
Болжам бойынша, құрылыс саласындағы жасанды интеллект нарығы 2030 жылға дейін $11 млрд-тан $31 млрд-қа дейін өседі.
«Қазақстандық және халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, келесідей ұсыныстар жасалады. Құрылыс кезеңдерінің барлық сатысында, жобалаудан бастап, пайдалану және ғимараттарды бұзумен аяқталатын BIM-моделдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және пайдалану; Құрылыс пен қала құрылысы кадастры үшін бірыңғай цифрлық платформаны құру. Бұл мерзімді қысқартуға, сапаны арттыруға, саланы ашық етуге және барлық деректер мен жүйелерді біріктіруге мүмкіндік береді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс өмірлік циклінің барлық кезеңдеріндегі бизнес-процестерге реинжиниринг жүргізу бойынша шараларды қарастыруы қажет», — деп түйіндеді вице-министр баяндамасын.