Азаматтық қорғаныс қызметінің техникалық-материалдық базасын жаңарту мақсатында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне 27 өртке қарсы және құтқару техникасы табысталды, деп хабарлайды No-comment.kz - Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Техникаларды салтанатты табыстау рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов қатысты.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасын табатынын айтты.
- Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау – қай істің де, қай шешімнің де түп негізінде тұратын ең басты қағида. Апаттық-құтқару қызметтерінің әлеуетін арттыру және олардың жедел әрекет ету мүмкіндігін дамыту бағытындағы жұмыстар қашан да күн тәртібінде. Бұл – автопаркті жаңарту ғана емес, қауіпсіз әрі орнықты қоғам қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Кадр мәселесін де назарда ұстап отырмыз. Азаматтық қорғаныс саласында білікті мамандар даярлау үшін оқу орындарына облыс әкімдігі тарапынан арнайы гранттар бөлінеді,-деді С.Шәпкенов.
Жаңа техникалар қатарында әртүрлі сыйымдылықтағы 22 өрт сөндіру автоцистернасы, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған жабдықтармен жабдықталған АСА-20 апаттық-құтқару көлігі, байланыс және жарықтандыру көлігі, 2 жанармаймен жабдықтаушы көлік, биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған механикалық сатысы бар АЦЛ-30 өрт сөндіру көлігі, манипулятор-эвакуатор, биікте жұмыс істеуге арналған АКП-70 VEMA автокөтергіші, Trackol Vega-409 6×6 жол талғамайтын көлігі бар және АСО-20.
Анықтама: 2024 жылы жергілікті және республикалық бюджет есебінен 91 техника, 1 жүзу құралы сатып алынды.