Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

Жылдар бойы жалғасып келе жатқан сыбайлас жемқорлықтың мемлекет пен халыққа қандай зиян тигізетінін түсіну қиын емес. Сондықтан, тең құқықты елде өмір сүріп жатқан әрбір азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жемқорлыққа қарсы тоқтаусыз жүргізіп жатқан күресімен күш біріктіріп, өз игілігінің аяқ асты болмауы үшін әрекет етуі заңдылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес жүргізу мәселесіне арнайы тоқталып өтті.

Жолдауда жемқорлық әрекетіне барып, бас бостандығынан айырылғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтындығы, келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттар мен судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жаңа шектеулер енгізілілетіндігі, жемқорлық жасағаны үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу секілді бірқатар бастамалар көтеріліп, жүзеге асыру үшін нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігіне баса назар аударып, қоғамдық бақылау институттарын жетілдіруді тапсырды. Осы орайда агенттік жанынан құрылған қоғам белсенділерінен құралған Арнайы мониторингтік топ осындай институттардың бірі деп санаймын. Себебі, аталған топ мүшелері мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік сатып алулардағы бағаны көтермелеуді болдырмауға белсене атсалысып қана қоймай, елімізде сын сағаты туғанда тынымсыз блок-бекеттердегі санитарлық талаптардың сақталуына, дәріханалардағы дәрі-дәрмектер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге барынша атсалысты. Одан бөлек, білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында білім саласы өкілдерін тағайындау конкурсының ашықтығын қадағалауда.

Ел Президенті бюджеттің ашықтығына да ерекше көңіл бөледі. Осы ретте Агенттіктің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасының орны ерекше. Аталған картаның көмегімен кез-келген азамат бюджеттік шығындар туралы барлық мәліметті біле алады. Ол 24 сағат бойы қолжетімді. Егер қандай да бір сәйкес келмеушіліктер байқалса, әрбір адам тиісті суреттер мен бейнематериалдарды тіркей отырып, уәкілетті органға хабарлау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, аталған ресурс жұмысқа жұмсалған қаражатты автоматты түрде талдап, ұқсас нысандармен салыстырады. Карта әркім үшін түсінікті етіп жасалған. Нәтижесінде бұған дейін көз жеткізу қиын болып келген бөлінген қаражат және жүргізілетін жұмыстардың техникалық сипаты, аяқталу мерзімі туралы ақпараттарды оңай білуге болады.

Халыққа барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Шымкент қалалық және аудандық әкімдіктерде сервистік әкімдіктер ашылып, 200-ден аса мекемелер жұмысын OpenSpace форматында жүзеге асырып келеді. Тіпті, азаматтардың талап-арыздарын дер кезінде шешу, кабинет тапшылығының алдын алу үшін денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің бірінші басшылары кең жұмыс бөлмелерін бірінші қабаттағы ықшам бөлмелерге ауыстырды. Бұл дегеніміз Президент тапсырмаларының қарқынды жүзеге асырылып жатқандығының жарқын көрінісі.

Бүгінде жемқорлықтың алдын алу мақсатында барлық салада түрлі жобалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Атап өтер болсақ, жол саласында «Сапалы жол», теміржол саласында «Адал жол», кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Бизнес пен инвесторларды қорғау», білім саласында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» жобалары. Ал осының бәрін бір жерге шоғырландырып, әр салаға жіті көңіл бөлетін – «Шымкент-адалдық алаңы» жобасы.

Атқарылған жұмыс аз емес және жоспарлар да жеткілікті. Дегенмен еліміздің қауіпсіздігі мен әрбір қазақстандықтың болашағы үшін осынау күрмеулі мәселені шешу – мемлекеттік органдар мен қоғамның бар күш-жігерін біріктіруді қажет етеді. Осы орайда қоғам дертінің алдын алуда қол ұшын созуға дайын азаматтар заң аясында қорғалатынын да еске сала кеткенді жөн көріп отырмын. Ел мерейінің артуына, болашағымыздың жарқын болуына зардабын тигізетін сыбайлас жемқорлықпен күресу барша адамның азаматтық міндеті. Өзіміз өмір сүретін мемлекетті жемқорлықсыз етуге Сіз бен біз болып жұмыс жасайық. Береке – бірлікте!

 

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен ведомство алқасының кезекті отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында саланың негізгі...