«Рухани жаңғыру» бөлімінің ұйытқы болуымен Шымкентте «Балаларға базарлық» акциясы ұйымдастырылды. Игі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына орай, «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынды. Бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласында атқарылған жұмыстар бойынша өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева мәлімдеді.
Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісінің баяндауынша, «Қайырымды істер марафоны» акциясында қаладағы 4 ауданның 100 отбасы балаларына кітаптар мен жеміс-жидек себеті үлестірілді. Қайырымдылыққа Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, кәсіпкер, көпбалалы аналар демеушілік көрсетті. Олардың қатарында «Жомарт жүрек» республикалық және қалалық жоба жеңімпаздары, іскер азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат, кәсіпкер, көпбалалы ана Наргиза Керімбаева басқаратын «MOBIL plus» компаниясы мен ерікті жастар және республикалық «Шұғыла кітап» баспа үйі бар.
Бұдан бөлек, шымкенттік полицейлер 86 отбасыға қайырымдылық жасады. «Игі істер» күнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен «Наурыз тал» акциясы өтті. «Эко-сана» қозғалысының бастамасымен қолға алынған акция шеңберінде әр көшетке QR коды орнатылды.
Брифинг барысында пікір білдірген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиева Nur Otan партиясының фракция мүшелері тарапынан қайырымдылық мақсатында биыл жалпы 90 млн теңге көлемінде қаржы жиналып, халық игілігіне жұмсалғанын атап өтті.