«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұн тартушылардың қажеттілігін нарықтық бағамен қамтамасыз етуге дайын

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұн тартушылардың қажеттілігін нарықтық бағамен қамтамасыз етуге дайын

Қазақстанның ішкі нарығында астыққа қатысты тұрақты жағдай сақталып отыр. Қолда бар көлем ұн тарту, мал және құс шаруашылығы сияқты негізгі салалардың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” түрлі кластағы бидайды сатуды жалғастырып жатыр және мүдделі сатып алушыларға астықты нарықтық бағамен ұсынуға дайын, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

2025 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша ішкі нарықта 3-класс бидайының орташа бағасы ҚҚС-мен бірге тоннасына 100 000 теңгені, ал 4-класс бидайының бағасы тоннасына 95 000 теңгені құрады.

Биыл көктемде елде бидайға сұраныс артты, бұл оның бағасының аздап өсуіне алып келді. 2024 жылғы қарашамен салыстырғанда, астықтың бағасы 25%-дан аспайтын деңгейде өсті. Алайда бағаның өсуі тұтынушылар тарапынан сатып алу белсенділігіне айтарлықтай әсер еткен жоқ.

Жыл басынан бері ұлттық оператор 483,6 мың тонна астық өткізді. Оның негізгі сатып алушылары – ұн тарту кәсіпорындары, қайта өңдеу зауыттары, мал және құс шаруашылығы субъектілері.

Айта кетерлігі, ішкі нарықта бидай бағасы 2023 жылдан бастап төмендей бастаған. Сол кезде астықты сату бағасы оның өндірістік өзіндік құнын жаппаған еді. Бұл жағдай аграршыларға елеулі қаржылық қиындықтар туғызды. 2024 жылғы күзде астықтың мол өнім беруі мен ұсыныстың артуына байланысты нарықта тағы да бағаның төмендеуі байқалды. 2025 жылдың көктемінде өңдеу кәсіпорындары мен трейдерлер тарапынан сұраныс жанданып, бидай бағасы біртіндеп өсе бастады.

Бүгінде “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” қорында 1,1 млн тонна астық бар. Оның ішінде 500 мың тонна көлемінде азық-түлікке арналған тұрақты қор және 200 мың тонна мал азығы сақтаулы.

2025 жылғы маусым айының басындағы дерек бойынша елде астық қоры тұрақты деңгейде сақталып отыр және ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етеді. ҚР ҰЭМ Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде бидай қалдығы 7,37 млн тоннаны құрайды. Қазақстанның жылдық ішкі қажеттілігі шамамен 6 млн тонна деп бағаланады. Демек, қазіргі қорлар негізгі тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті.

“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” – астықты сақтау және сату жөніндегі мемлекеттік оператор. Биылғы сәуір айынан бастап компания бидайды тауарлық биржа арқылы сатуды жүзеге асырып келеді. Биржалық сауда форматы барлық сатып алушылардың корпорацияның астық ресурстарына ашық қол жеткізуін және нарықтағы бағаның ашық қалыптасуын қамтамасыз етеді. Корпорация барлық нарық қатысушыларын ресми сауда алаңы арқылы астық сатып алу мүмкіндігін пайдалануға шақырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2025 жылғы 20 маусымда «Қазмедиа орталығы» телерадио кешенінің конференц-залында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және...

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумының (ПМЭФ-2025) жұмысына қатысты, онда Ресей...