Түркістан облысы тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру бағытында нақты іс-шаралармен көзге түсіп келеді. Аймақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның жарқын мысалы ретінде Отырар ауданына коммуналдық қызмет сапасын арттыру үшін жаңа техникалардың табысталуы – өңірдің таза әрі жайлы орта қалыптастыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
Аудан орталығында өткен салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы заманауи техникаларды коммуналдық сала мамандарына арнайы табыс етті. Бұл — облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асқан игі бастама. Аудан басшысы бұл техникалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың көмегімен көше тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын жандандыру және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару жұмыстары жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді.
Коммуналдық техникалар қатарында жаңа үлгідегі тракторлар, қоқыс тасығыштар, тиегіш экскаваторлар мен көше тазалағыш арнайы машиналар бар. Аталған техника құралдары аудандағы «Отырар–2050» мекемесінің балансына берілді. Бұл кәсіпорын бұған дейін де аудан аумағындағы көгалдандыру, қоқыс шығару, жаяу жүргінші жолдарын тазарту және қыс мезгілінде мұзға қарсы іс-шараларды атқарып келген тәжірибелі мекеме ретінде белгілі. Енді жаңартылған техникалық парк бұл жұмысты едәуір тиімді әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, сондай-ақ қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің төрағалары да сөз алып, бұл бастаманың ауданды көркейту жолындағы маңызын атап өтті. Олар коммуналдық сала мамандарына сәттілік тілеп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда мұндай техникалық қолдаудың рөлін ерекше бағалады.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тек сенбілік жұмыстарымен шектелмейді. Бұл – қоғам санасын жаңғыртуды, экологиялық мәдениетті дамытуды және табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруды көздейтін кең ауқымды бағдарлама. Осы аясында Түркістан облысында инфрақұрылымдарды жаңарту, қоршаған ортаны қорғау және халықтың өмір сапасын арттыру бағытында кешенді іс-шаралар атқарылып келеді.
Отырар ауданының мысалында көріп отырғанымыздай, өңірлік деңгейде экология мен санитарлық ахуалды жақсартуға нақты қадамдар жасалып жатыр. Заманауи техникалармен жабдықталған коммуналдық қызметтер енді жұмыс тиімділігін арттырып, аудан тұрғындарына жайлы және таза орта қалыптастыруға барынша үлес қоса алады. Бұл — тек материалдық қолдау емес, сонымен қатар экологиялық жауапкершілік пен болашаққа деген қамқорлықтың белгісі.