Түркістандағы су ресурстарын тиімді басқару: сын-қатерлер мен шешімдер

Түркістандағы су ресурстарын тиімді басқару: сын-қатерлер мен шешімдер

Ағын судың тапшылығы – Түркістан облысы үшін соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды. Әсіресе биылғы вегетациялық маусым жауын-шашын аздығы мен жоғары температура салдарынан ерекше қиын жағдайда басталды. Бұл ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін айрықша маңызға ие су ресурстарын тиімді басқарудың маңыздылығын тағы да алға тартты.

Облыста 890 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, соның 552 мың гектары суармалы алқаптар. Вегетациялық кезең басталғаннан бері ағын су сұранысы фермерлермен келісім бойынша арнайы кесте арқылы бөлініп келеді. Алайда су қорына түсетін қысым жылдан жылға артып келеді. Мамандардың мәліметінше, Түркістан облысына жыл сайын орта есеппен 4,8 млрд текше метр су қажет. Биыл бұл көлемнің 30%-ға дейін қысқару қаупі бар. Ағын судың басым бөлігі көрші елдерден келетіндіктен, трансшекаралық тәуелділік өңірдің су қауіпсіздігін күрделендіре түсуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын үнемдеп пайдалану, тиімді басқару мен жаңа технологияларды енгізуді ұлттық басымдық ретінде белгілеп, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өткен болатын. Түркістан облысында бұл тапсырма нақты әрекеттермен жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» суқоймаларының құрылысы басталды. Бұл жобалар «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізуге жол ашады.

Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 59 мың гектарға дейін ұлғайтылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылып үлгерген. Бұдан бөлек, машиналық әдіспен су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су беру қолға алынды. Бұл шаралар «Достық» каналының төмен көлемін теңгеруге бағытталған.

Аймақтағы инфрақұрылым да жаңартылып жатыр. Қазір 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтуде. Жаңғырту нәтижесінде су жүйелерінің тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға дейін төмендейді. Бұл өз кезегінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігін арттырады. Ал бұл көлемдегі өнімнен жыл сайын шамамен 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі.

Су ресурстарын бақылаусыз пайдалануға жол берілмейді. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы тарапынан тұрақты тексерулер жүргізіліп, бүгінге дейін 20 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шардара ауданында 24 заңсыз су құрылғысы анықталып, олар бойынша шаралар қабылданды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысы ағын су тапшылығын еңсеру үшін кешенді және ұзақ мерзімді саясат ұстанып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі саналады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ханкенді қаласында (Әзербайжан) өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XVII саммитіне...

Рудничный ауылында Бас Прокурор Берік Асылов жаңа мектеп құрылысында «уақыт капсуласын» орнату салтанатты рәсіміне қатысты. Шараға облыс әкімі...

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектікті сырттай куәландыру процесіне медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары ресми түрде тартылып жатыр. Тізілімге...