Түркістан облысының Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалыққа қатысты жұмыстар айтарлықтай күшейтілуде. Бұл бастама — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған жалпыреспубликалық қозғалыстың бір бөлігі. Мақсат — елді мекендер мен табиғи аумақтардың тазалығын сақтап, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың арнайы іссапары барысында аудан аумағындағы тазалық деңгейі жіті бақылауға алынды. Шараға 130-ға жуық адам қатысып, 2 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 6,5 шақырым өзен бойы мен 12 шақырым жол жиегі тазартылып, 7 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигондарға жеткізілді.
Зұлпыхар Сансызбайұлы іс-шара барысында:
– Төлеби ауданы – тек облыс көлемінде емес, бүкіл республикада экотуризм үшін маңызды өңір. Мұндай табиғи байлықты сақтау — баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі бастама — бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың бір ғана бөлігі. Жастарды, кәсіпкерлерді, тұрғындарды тазалық пен тәртіпке үндеуге шақырамыз. Сонымен қатар өрт қаупінің алдын алу шаралары да басты назарда болуы тиіс, – деп атап өтті.
Тек сенбілікпен шектелмей, аудан көлемінде экологиялық заңнаманы бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылдың басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзғандар бойынша 195 әкімшілік хаттама толтырылып, 130 адамға ескерту берілген. Сонымен қатар 3 млн теңгеден астам айыппұл салынып, соның 2,3 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Ортақ пайдаланылатын аумақтарды — өзен жағалауларын, жол жиектерін, демалыс орындарын ластағандарға да жауапкершілік қарастырылған. Бұл бағытта 447 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 11,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 6,8 миллионы өндірілген. Бұл — жергілікті биліктің қоршаған ортаны қорғауға деген жауапты көзқарасының көрінісі.
Аудан әкімдігі мен құзырлы мекемелердің мәліметінше, алдағы уақытта тазалыққа қатысты рейдтер жиілетіліп, бейнебақылау камералары арқылы экологиялық тәртіпті бұзушылар анықталмақ. Сонымен қатар, қоқыс жәшіктерінің жеткілікті деңгейде қойылуын, полигондардың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарланған.
«Таза Қазақстан» жобасы — уақытша шара емес. Бұл — ұлт болашағына бағытталған ұзақ мерзімді экологиялық стратегия. Сондықтан әрбір тұрғын, әрбір мекеме табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ал Төлеби ауданында бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таба бермек.