Түркістанда қаржылық сауаттылыққа арналған форум өтті

Түркістанда қаржылық сауаттылыққа арналған форум өтті

Түркістан қаласында «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» атты кең ауқымды форум өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының «Профилактика жылы» бастамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты — азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, заңсыз инвестиция мен қаржы пирамидаларына қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және интернет кеңістігіндегі алаяқтық схемалардан қорғану жолдарын үйрету болды.

Форум Түркістан қаласымен қатар облыстың үш қаласы мен он төрт ауданында бір мезетте өтті. Мұндай кең көлемді ұйымдастыру — қаржылық сауаттылық мәселесінің маңызын көрсетеді. Түркістанда өткен орталық алаңдағы форумға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокурорының орынбасары Ермұрат Шалатайұлы, Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Amanat» партиясының өкілдері, құқық қорғау органдары, қоғам белсенділері мен депутаттар, спортшылар мен еріктілер қатысты.

Іс-шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Спикерлер қаржылық қауіптер, инвестициялық алаяқтықтың түрлері, қаржы пирамидаларының заманауи формалары, криптовалюта алаяқтары мен интернет желісіндегі фишинг шабуылдар туралы баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауаптар берді. Қаржы пирамидасының басты белгілері, олардың психологиялық манипуляция әдістері мен азаматтардың алданып қалу себептері жан-жақты түсіндірілді.

Көпшілікке әсер қалдырған бөлігі – тақырыптық бейнероликтер мен театрландырылған көріністер болды. Бұл қойылымдарда нақты өмірден алынған мысалдар арқылы адамдардың қаржылық сауатсыздығы салдарынан қалай алданатыны, отбасылық және әлеуметтік қиындықтарға тап болатыны көрініс тапты. Форум барысында сондай-ақ интерактивті ойын элементтері де қолданылып, жастардың назарын аудару мақсатында заманауи әдістер пайдаланылды.

Интернет-алаяқтық тақырыбы форумның басты назарында болды. Түркістан қаласының өзінде соңғы жылдары әлеуметтік желілер, жалған интернет-дүкендер, фейк инвестициялық платформалар арқылы жасалатын қылмыстар жиілеп кеткен. Мамандар қатысушыларға жеке деректерді қорғау, банктік карталар мен бір реттік құпиясөздерді бөтен адамдарға бермеу, белгісіз сайттарға тіркелмеу, тексерілмеген сілтемелерге өтпеу керектігін ескертті.

Форумда қаржы, құқық және IT саласының сарапшылары цифрлық ортадағы қауіптер туралы өз ойларын білдірді. Олар қаржылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, отбасы, білім мекемелері мен мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс қажеттігін атап өтті. Қаржылық шешім қабылдаудағы абайсыздық – тек жеке тұлғаның емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін фактор екені айтылды.

Форуммен қатар Түркістан облысының жазғы демалыс лагерьлерінде де ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары 4000-ға жуық оқушы мен 500 педагогқа арнап дәрістер оқыды. Онда қаржылық сауаттылық негіздері, интернет-алаяқтықтан қорғану, киберқауіпсіздік және жеке ақпаратты сақтау мәдениеті кеңінен түсіндірілді. Балалар мен мұғалімдерге арналған жадынамалар таратылып, интерактивті жаттығулар арқылы түсінік деңгейі арттырылды.

Форум соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай түсіндіру шараларының маңыздылығын атап өтті. Түркістанда азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, әсіресе жастардың алданбауына бағытталған мұндай кешенді іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ. Бұл — қауіпсіз әрі қаржылық сауатты қоғам құру жолындағы нақты қадам.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ханкенді қаласында (Әзербайжан) өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XVII саммитіне...

Рудничный ауылында Бас Прокурор Берік Асылов жаңа мектеп құрылысында «уақыт капсуласын» орнату салтанатты рәсіміне қатысты. Шараға облыс әкімі...

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектікті сырттай куәландыру процесіне медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары ресми түрде тартылып жатыр. Тізілімге...