Түркістан облысында көгалдандыру және қоқыс полигондарын ретке келтіру жүйеленуде

Түркістан облысында көгалдандыру және қоқыс полигондарын ретке келтіру жүйеленуде

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру және қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу салаларында бірқатар нақты міндеттер белгіленіп, жұмыстар күшейтілуде. Облыстық мәжілісте осы бағыттардағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Жиын барысында елді мекендерді абаттандыруда қолданылатын көшеттердің сапасы мен егілу тәртібіне, сондай-ақ қоқыс полигондарының жағдайына ерекше назар аударылды.

Биыл облыс аумағындағы аудан және қалаларда 1 миллионнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Көктемгі кезеңде 510 мыңға жуық көшет егілді. Бұл көрсеткішке облыстық бюджетпен қатар демеушілердің қолдауы арқылы қол жеткізілді. Жалпы 2021–2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында 801 елді мекеннің 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 миллионға жуық ағаш отырғызу көзделген.

Облыс бойынша көктем және күз айларында отырғызылған көшеттердің жалпы өнімділігі — 63,5 пайыз. Бұл көрсеткіш әр ауданның көшетке деген көзқарасы мен ұйымдастырушылық деңгейіне байланысты. Арыс, Түркістан қалаларында, сондай-ақ Созақ, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында көшеттердің сапасы мен тіршілікке бейімделу деңгейі жоғары. Мұндай жетістік суару жүйесінің жолға қойылуы, жергілікті климатқа бейім көшеттерді таңдау және мамандардың кәсіби жұмысының арқасында жүзеге асты.

Алайда, кейбір өңірлерде бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар, Жетісай аудандарында көшеттер дер кезінде алынбаған, егілген жасыл желектерге күтім жасалмаған. Суарудың жеткіліксіздігі мен қоршау жұмыстарының әлсіздігі салдарынан өнімділік төмен. Кентау қаласы мен Мақтаарал, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төле би аудандарында басқарма қарамағындағы мекемелерден алынған көшеттерге де тиісінше көңіл бөлінбей отыр.

Арыс қаласы бұл бағытта үздік тәжірибе көрсетуде. Қаланың 50-60 пайызы өз өндірісіндегі көшеттермен қамтамасыз етілген. Мұнда күндізгі және түнгі кезекшілікпен суару ұйымдастырылып, арнайы техникалар мен цехтар толықтай жабдықталған. Бұл тәжірибені облыстың барлық өңірлерінде енгізу қажеттілігі айтылды.

Сонымен қатар, жиында қоқыс полигондары мәселесі кеңінен қаралды. Түркістан облысында 128 полигон тіркелген болса, оның 70 пайызы санитарлық-экологиялық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Бұл жағдайды жақсарту үшін 16 жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. 2024 жылы үш полигон салуға 598 млн теңге қаржы бөлінген.

Тәртіпсіз қоқыс тастауға қарсы да шаралар қолға алынды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының ғарыштық түсірілімі нәтижесінде бей-берекет қалдық тасталған 107 орын анықталып, 81 нүктеде тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Аймақта экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін көгалдандыру мен қалдықтарды басқару жұмыстары бір-бірімен тығыз байланысты. Ағаш егудің өзі экожүйеге оң ықпал етсе, қоқыс полигондарын заманауи талаптарға сәйкестендіру — халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Түркістан облысы алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жүйелі жоспарлар жасап, тиімді механизмдер арқылы елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға күш салмақ. Әр аудан мен қала өз аумағында тиісті нәтижеге жету үшін жауапкершілікпен жұмыс жүргізуі тиіс.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс-Антуан Чисекеди Чиломбоны Конго Демократиялық Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ...

Түркістан облысында Үкіметтің инвестициялық жобаларды жүйелеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Өңірге кіріп...