Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Облыс әкімдігімен бекітілген жол картасы негізінде қазіргі уақытта 88 іс-шара жоспарланып, оның 38-і тұрақты түрде атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында егжей-тегжейлі қаралды.
Жиында өңір басшысы тазалық шараларын жүйелі және сапалы түрде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Сенбілікпен ғана шектелетін науқандар емес, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі саясат қажет екенін айтқан әкім формализмге жол берілмейтінін ескертті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, өңірде сенбілік акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алайда, кейбір аудандар мен қалаларда халықты ақпараттандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, кәсіпкерлер мен еріктілерді тарту жұмыстары жеткілікті деңгейде емес. Бұл бағыттағы кемшіліктерді жою үшін қосымша түсіндіру, ынталандыру және қоғамдық белсенділікті арттыру шаралары қолға алынбақ.
Жиын барысында әсіресе демалыс аймақтарындағы жағдайға баса назар аударылды. Жағажай иелеріне тазалық нормаларын сақтау туралы ескерту жұмыстары жүргізілмек. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, айыппұлдар салынады. Сонымен бірге, демалыс орындарында қоқыс контейнерлерінің санын көбейту, тазалыққа қатысты ескерту белгілерін, ақпараттық тақтайшалар мен баннерлерді орнату тапсырылды.
Жергілікті полиция қызметі демалыс аймақтарында рейдтік шаралар өткізіп, бейнебақылау камераларын орнату бойынша нақты жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Бұл, бір жағынан, құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектессе, екінші жағынан, тазалық мәдениетін арттыруға септігін тигізеді.
Жыл басынан бері облыс аумағында санитарлық талаптарды сақтамаған 13 757 адамға хаттама толтырылып, 328,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 181,2 млн теңгесі өндірілген. Бұл – бақылау шараларының күшейгенін білдірсе де, ауылдық округтерде бей-берекет қоқыс тастау мәселесі әлі де шешімін таппағанын көрсетеді.
Мәселен, жүргізілген рейдтер нәтижесінде 184 заңсыз қоқыс орны анықталды. Бұл заң бұзушылықтар негізінен Түркістан және Кентау қалаларында, сондай-ақ Түлкібас, Шардара және Сауран аудандарында тіркелген. Мұндай әрекеттер табиғатқа зиян келтіріп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың өмір сапасына кері әсер етеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының сәтті жүзеге асуы – әкімдік пен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Тазалықты сақтау – тек билік органдарының емес, әрбір азаматтың борышы. Осы мақсатта жол картасымен бекітілген іс-шаралар толық әрі сапалы орындалуы тиіс. Әрбір орындалған жұмыс облыс басшылығы тарапынан қатаң бақылауда болады.
Түркістан облысында экологияны қорғау және санитарлық жағдайды жақсарту бағытында қолға алынған бұл бастамалар алдағы уақытта халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады деп күтілуде.