Қызылорданың «Өнер орталығында» Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Досхан Жолжақсынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменоваға арналған «Тағзым» атты шығармашылық кеш өтті. Салтанатты шараны тамашалауға қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер көрермендер жиналды.
Кеш барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сахна төрінде құттықтау сөз сөйлеп, қазақ киносы мен театр өнеріне сүбелі үлес қосқан тұлғаларға алғысын білдірді. Ол Досхан Жолжақсыновтың сомдаған Хамит, Біржан сал, Құнанбай және Қалден Серен рөлдерінің отансүйгіштікке баулудағы маңызын ерекше атап өтті.
Кеште көрермен назарына «Құнанбай» мен «Біржан сал» фильмдерінен үзінділер ұсынылды. Ал Қаракөз Сүлейменова «Ахау керім», «Жүрші, сәулем» секілді халық әндерін және бірнеше лирикалық шығармаларды орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Кеш жылы лебізге, өнерге деген құрметке толы болып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Шара соңында қос өнерпазға қазақы дәстүрмен сый-сияпат көрсетіліп, облыс әкімінің атынан гүл шоқтары табысталды.