Қызылорда облысында «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетін арттыру мақсатында 2029 жылға дейінгі тұжырымдаманы жүзеге асыруға арналған жұмыс белсенді жүріп жатыр. Ғарыш айлағы мен қала аумағын біріктіретін бұл ерекше нысан - еліміздегі баламасы жоқ туристік аймақтардың бірі. Қазіргі таңда кешенді дамытудың нақты жоспары әзірленіп, өңірлік Жол картасы да бекітілді.
Жуырда осы бағыттағы жұмыстарды талқылау үшін облыс әкімдігінде арнайы жиын өтті. Басқосуға салалық министрліктер, ұлттық компания өкілдері мен кәсіпкерлер қатысып, кешенді дамытудың нақты тетіктері қарастырылды. Қатысушылар туристерге қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық деңгейдегі сервисті қалыптастыру мәселелерін талқылады. Бұл бастама арқылы өңірге келетін туристердің саны артып, Қызылорда облысы жаһандық туристік картада өз орнын табуы мүмкін. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік белсенділік артады деп күтілуде.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлескен бұл жобалар аймақ экономикасына жаңа серпін беріп, ішкі туризмнің дамуына жол ашады. Алдағы уақытта Байқоңырды тек ғылыми-техникалық қана емес, мәдени-танымдық туризм орталығына айналдыру көзделуде.