Шымкентте колледждерге мемлекеттік тапсырыспен оқуға қабылдау жүріп жатыр

Шымкентте колледждерге мемлекеттік тапсырыспен оқуға қабылдау жүріп жатыр

Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылдау науқаны жалғасуда. Бұл маңызды үрдіс қала әкімінің өкімімен құрылған арнайы комиссияның үйлестіруімен және қалалық білім басқармасының тікелей қатысуымен ұйымдастырылып отыр.

Мемлекеттік тапсырыс ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №568 бұйрығына сәйкес, өңірлік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар негізінде қалыптастырылды. Салалық басқармалар, кәсіпкерлер палатасы және қалалық жұмыспен қамту басқармасы ұсынған деректерге сәйкес, жалпы 80 мамандық бойынша 16 369 кадрға қажеттілік тіркелді.

Сұранысқа ие бағыттардың қатарында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары (7209 орын), қызмет көрсету (2826 орын), білім беру (2844 орын), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (2012 орын) және медицина, ауыл шаруашылығы, бизнес пен өнер салалары қамтылған. Алайда, қала бюджетінің мүмкіндігін ескере отырып, комиссия биыл 70 мамандық бойынша 8000 орын көлемінде мемлекеттік тапсырысты бекітті.

Бұл тапсырысты колледждер арасында әділ үлестіру мақсатында конкурс ұйымдастырылып, 29 білім беру ұйымынан 11 814 орынға өтінім келіп түсті. Бірақ 23 маусымда өткен комиссия отырысында үш колледждің ұсыныстары қабылданған жоқ. Шымкент мамандандырылған колледжі, «Қазақстан» жоғары медицина колледжі және Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі ақпараттық карта бойынша талап етілген межелі ұпайды (16–26,5 балл) жинай алмағандықтан, келесі кезеңге жіберілмеді.

ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына және комиссия шешіміне сәйкес, мемлекеттік тапсырыс 26 колледжге бөлінді. Бұл колледждерге берілген тапсырыстарда нақты мамандықтар, біліктілік түрі, оқу тілі, базасы мен жобалық қуаты нақты белгіленген. Барлық мәліметтер қалалық білім басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде ашық жарияланды.

Бөлінген 8000 орынның 29,2 пайызы (2343 орын) – жұмысшы кадрларға, 60,5 пайызы (4841 орын) – орта буын мамандарына, ал 3,4 пайызы (276 орын) – қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына бағытталған. Бұл бөлініс қаладағы еңбек нарығының нақты сұраныстарын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Талапкерлер 2025 жылғы 25 маусымнан бастап колледждерге немесе www.egov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн құжат тапсырып, тегін оқуға түсу мүмкіндігіне ие. Қабылдау үрдісі ашық әрі электронды форматта жүргізілуде. Қазіргі уақытта үміткерлер тарапынан белсенділік жоғары.

Шымкент қаласының білім саласындағы бұл бастамасы жастардың сапалы білім алуға, сұранысқа ие мамандық иесі болуға және болашақта еңбек нарығында табысты орын алуға зор мүмкіндік беруде.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жаппай егін жинау науқаны басталған сәттен күн тәртібіне шыққан негізгі мәселенің бірі – жаңа өнімді қабылдауға бос орындардың болуы. Осыған...

Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер...