Цифрландыру дәуірінде жастарды кәсіптік даярлаудың маңыздылығы талқыланды

Цифрландыру дәуірінде жастарды кәсіптік даярлаудың маңыздылығы талқыланды

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды кездесу өткізіп, білім беру және жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелерге назар аударды. Бұл сапар Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға белгіленген «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жүзеге асырылып отырған шараларды талқылауға және техникалық-кәсіптік білім берудің өзекті тұстарын зерделеуге арналды.

Алдымен сенаторлар Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің жаңартылған құрамымен қалалық мәслихатта кездесіп, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жылға арналған жоспарларды саралады. Кездесу барысында халықпен кері байланысты күшейту, ақпараттық қызмет көрсетуді жетілдіру, заңнамалық реформалар мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын өңір деңгейінде іске асыру тетіктері қаралды. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамту, еңбек нарығына икемделу, цифрландыру және әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Сапар аясында депутаттар Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжіне арнайы барып, білім беру ұйымының оқу-материалдық базасымен танысты. Колледж қазіргі таңда өңірдегі жұмысшы мамандықтарын даярлауда жетекші оқу орны ретінде танылып отыр. Оқу орнында тігін өндірісі, дизайн, техникалық қызмет көрсету сияқты бағыттар бойынша студенттер білім алуда. Олар халықаралық және республикалық кәсіби жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, колледждің мәртебесін арттыруда.

Сенаторлар жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне, болашақта сұранысқа ие бола алатын кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағытталған жобалар мен бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті.

Сенатор Нұрлан Бекназаров өз сөзінде былай деді:
«Жұмысшы мамандықтары жылы – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, практикалық біліммен қаруланған жастарды тәрбиелеуге жол ашады. Цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі уақытта бірқатар дәстүрлі мамандықтардың маңыздылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан жастарды жаңа заманға сай икемдеп, жаңа технологияларға бейімдеу — басты міндет».

Сенаторлар кәсіптік және техникалық білім берудің рөлін арттыру үшін қосымша заңнамалық қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар қажет екенін де атап өтті. Олардың пікірінше, жұмысшы мамандықтарын танымал ету, білім беру орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту және тәжірибелік оқытуды жетілдіру арқылы жастарды нақты еңбекке бейімдеуге болады.

Кездесулер қорытындысында депутаттар Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, ел көлемінде осындай өңірлік тәжірибелерді кеңінен насихаттау қажет екенін жеткізді. Жастардың кәсіптік бағытта дамуы – ел болашағының кепілі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жаппай егін жинау науқаны басталған сәттен күн тәртібіне шыққан негізгі мәселенің бірі – жаңа өнімді қабылдауға бос орындардың болуы. Осыған...

Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер...