Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Онда жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы сенім мен сындарлы диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $27,8 млрд-қа жетті, 2025 жылғы қаңтар-мамырда $9,6 млрд-ты құрады.
«Мемлекеттер басшыларының тапсырмасы бойынша біз өзара сауда көлемін $30 млрд-қа дейін ұлғайту бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Инвестициялық ынтымақтастықта зор мүмкіндіктер бар. Жалпы, екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын шешуде ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді қызметін атап өткім келеді», – деді Олжас Бектенов.
Екі мемлекет арасындағы әріптестікті тереңдету аясында осы жылдың күзінде Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумының дайындық барысына ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық басым бағыттар бойынша екі ел арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін жеткізді.