Түркиядағы ең ірі өнеркәсіптік холдингтердің бірі саналатын Safi Holding жылына 140 мың тоннаға дейін қант өндіретін жоғары технологиялық зауыт салу жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Зауыттың қызылша өңдеу қуаты – 1 млн тонна. Жобаның болжамды инвестиция көлемі – 150–200 миллион АҚШ доллары.
Қазіргі уақытта инвесторлар зауытты орналастыру үшін қолайлы өңірлерді қарастыруда. Орналасатын орынды таңдаудағы басты факторлар – қант қызылшасын өсіруге жарамды егістік жер көлемінің жеткіліктілігі және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жобаны іске асыру үшін толық қолдау көрсетуге дайын екенін, соның ішінде қолданыстағы заңнама аясында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға әзір екенін растады.
«Аталған жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Сафи Атакан көрсетілген қызығушылық үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның қант саласын дамытуға қолайлы агроөнеркәсіптік әлеуетке ие екенін атап өтті.