Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, оның барысында, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Мәселен, агроөнеркәсіптік сектордағы екі жоба бойынша инвестициялар туралы келісімдердің негізгі шарттары мақұлданды. Бірінші жобада Tiryaki Agro түрік компаниясының қатысуымен астықты терең өңдеу кешенінің құрылысы қарастырылған. Оның жоспарланған өндірістік қуаттылығы жылына 250 мың тонна өңделген бидай мен 80 мың тонна бұршақты құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі - шамамен 160 млрд теңге.
Жиында екінші жобаның да шарттары бекітілді, ол – келесі бір түрік компаниясы YDA Group-тың қатысуымен тыңайтқыштар мен пестицидтер өндіретін агрохимиялық кешен салу. Өндіріс қуаттылығы – жылына 150 мың тонна, инвестиция көлемі – 168 млрд теңге.
Екі жоба да ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім ассортиментін кеңейтуге бағытталған.
Қазақстанда астық дайындаудың жыл сайынғы көлемі 16-17 млн тонна деңгейінде екенін және үштен бір бөлігі экспортқа кететінін ескере отырып қолға алынған өнімнің 260 түрін қамтитын ішкі өңдеуді дамыту бастамасы экономиканы әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар инвестициялық штаб қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстарды да жалғастыруда. Басты назар нормативтік базаны жетілдіруге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және экономиканың басым салаларында инвестициялық бастамаларды іске асыру үшін тұрақты жағдайлар қалыптастыруға салынған.