Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында суармалы жерлерге су жеткізу мәселесі мемлекет деңгейіндегі басты назарда. Осы орайда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге жұмыс сапарымен келіп, егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету барысымен танысты. Бұл сапар аясында министр ауыл шаруашылығына аса маңызды саналатын су мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар беріп, бақылау жұмыстарын пысықтады.
Министр алдымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық суды бөлетін стратегиялық нысан — «Достық» мемлекетаралық каналына барды. Қазіргі таңда осы канал арқылы жеткізілетін су халықаралық келісімдер аясында елімізге тұрақты беріліп, Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы егіс алқаптарын суаруға жұмсалуда. Жетісай ауданында 47 332 гектар, ал Мақтаарал ауданында 27 255 гектар суармалы жер тіркелген. Барлығы – 74 587 гектар.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы диқандармен су жеткізуге байланысты келісімшарттар жасасып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Мақтааралда 3 223, ал Жетісайда 1 492 келісімшарт бекітілген. Бұл — егістікті суаруды ұйымдастыруда ашықтық пен жауапкершіліктің сақталуын қамтамасыз ететін маңызды тетік.
Министр сондай-ақ «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жұмысымен де танысып шықты. Бұл нысанды «Қазсушар» мамандары механикалық тазалаудан өткізіп, толық іске қосуға жақын. Мұндай инфрақұрылымдар әсіресе жаз мезгіліндегі вегетациялық кезеңде егіннің сақталуына, өнімділіктің төмендемеуіне мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Нұржан Нұржігітов:
«Су пайдаланушылармен келісімшарт негізінде кезекпен су беру жүргізіледі. Ал суды келісімшартсыз тұтынғандарға және егістіктің түрін рұқсатсыз өзгерткендерге айыппұл салынады. Бірақ бұл мәселені тек жазалау арқылы шешу жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де ылғалды көп қажет ететін дақылдардан бас тартып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануы керек. Бұл бағытта мемлекет субсидиялар түрінде барлық қажетті қолдауды ұсынып отыр», — деп атап өтті.
Алайда биыл облыста суармалы судың жетіспеушілігіне қарамастан, күріш егу жоспары бірнеше есеге артып кеткен. Жоспарланған 4 мың гектар орнына, 13 258 гектар алқапқа күріш егілген. Бұл жағдайды реттемегені үшін «Қазсушар» филиалының бірқатар басшысына қатаң сөгіс берілгені белгілі.
Министрлік су тапшылығының алдын алу үшін еліміздің оңтүстік өңірлерінде арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, тәулік бойы бақылау жүргізіп келеді. Түркістан облысы бойынша вегетациялық кезең толық министрліктің назарында.
Судың әр тамшысы — егіннің, ал оның өнімділігі — мыңдаған отбасының табысы. Сондықтан да су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалану — ортақ міндет. Мемлекет пен шаруалардың үйлесімді әрекеті ғана аграрлық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Жетісай мен Мақтааралда қолға алынған нақты жұмыстар осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды.