Қазіргі таңда Қазақстанда жастар саясатын дамыту мен волонтерлік бастамаларды қолдау мемлекеттік деңгейде маңызға ие болып отыр. Бұл бағыттар азаматтық қоғамның белсенділігін арттырумен қатар, жас ұрпақтың әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, олардың ел дамуына қосатын үлесін кеңейтеді. Осы орайда, Алматы қаласында жүзеге асып жатқан «EcoQala Fest» экологиялық фестивалі – заманауи жастар бастамаларының нақты көрінісі және қоғамдық санада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі қадам.
Аталған фестиваль елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жас буынның қатысуымен және креативті форматта жүзеге асырылуда. Фестивальдің ерекшелігі – экологиялық керуен форматында өткізіліп, арнайы безендірілген көлік тұрғын үй аулаларын аралап, халықты сенбілікке қатысуға, тазалық сақтауға және қоршаған ортаға жанашыр болуға үндеуі.
Қазіргі заман жастары үшін тек экологиямен шектелмей, өз көзқарасын қоғамда бейбіт әрі белсенді түрде таныта білу, жауапкершілік алу, ерікті түрде пайдалы іс-шараларға қатысу – тұлғалық қалыптасудың бір бөлшегіне айналды. «EcoQala Fest» осындай сапаларды нығайтып, жастарды біріктіруші алаңға айналып отыр. Фестиваль аясында өткен флешмобтар, экологиялық викториналар және ашық іс-шаралар азаматтардың қызығушылығын тудырып, экологиялық сауаттылықты арттыруда.
Фестиваль кезең-кезеңімен қала аудандарында өтіп жатыр. Бүгінде Наурызбай, Алатау, Алмалы, Әуезов және Медеу аудандарында ұйымдастырылған. Жобаның мақсаты – қаланың барлық аймағын қамтып, экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыру. Бұл – тек бір реттік акция емес, қоғамдық санаға терең әсер ететін ұзақмерзімді бастама. Іс-шараға қатысқан волонтерлер, эко рейнджерлер және комьюнити орталықтарының резиденттері арқылы тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізіліп, экологиялық құндылықтарды насихаттау оң нәтиже беріп отыр.
Волонтер Шашубай Мәди фестиваль туралы: «EcoQala Fest – мен үшін тек сенбілікке қатысу ғана емес, айналамдағы адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға ынталандырудың жолы», – деп атап өтті. Бұл пікір жастардың жеке жауапкершілік пен қоғамдық рөлін сезінгенін көрсетеді. Қаланың әр тұрғыны мұндай акциялар арқылы қоршаған ортаның жағдайына әсер ете алатынын ұғына бастады. Мұндай қозғалыстар адамдар арасындағы сенімді, ынтымақтастықты арттырады және жас буынның бойында патриотизмді, отансүйгіштікті қалыптастырады.
Қорытындылай келе, «EcoQala Fest» – жай ғана фестиваль емес, бұл – жастардың белсенділігі мен еріктілік мәдениетін дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік қозғалыс. Бұл бастаманың арқасында қалалықтар экологияға қатысты жауапкершілікті сезіне бастады, ал жастар өздерін қоғамдағы маңызды өзгерістердің қозғаушы күші ретінде таныта алды. Мұндай жобаларды тұрақты негізде қолдап, кеңінен насихаттау – еліміздің ақпараттық, әлеуметтік және экологиялық саясатындағы басым бағыттарының бірі болып қала бермек.