Интернет-алаяқтықтың алдын алу – Түркістан полицейлерінің басты назарында

Интернет-алаяқтықтың алдын алу – Түркістан полицейлерінің басты назарында

Бүгінде интернет — ақпарат алмасудың ең жылдам әрі қолайлы құралына айналды. Алайда цифрлық технологиялардың жедел дамуы, сонымен бірге интернет алаяқтарының да көбеюіне себеп болуда. Түркістан қаласында соңғы жылдары интернет алаяқтық фактілері жиілеп кеткені байқалуда. Осыған байланысты Түркістан қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан кешенді профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда.

Қалалық полиция қызметкерлері азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және алаяқтардан қорғану жолдарын түсіндіру мақсатында тұрғындармен және денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесіп, арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл түсіндіру жұмыстары адамдар көп шоғырланатын емханаларда, ауруханаларда, базарлар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтті. Полицейлер жиналған жұртқа интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері мен сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып, ақпараттық парақшалар таратты.

Кездесу барысында құқық қорғау қызметкерлері алаяқтардың жиі қолданатын айла-амалдарына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, алаяқтар өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалып, олардың жеке мәліметтерін сұрайды. Кей жағдайда олар "сіздің атыңызға несие рәсімделді" деген желеумен үрей тудырып, банк шоттары мен құпия кодтарды білмек болады. Сонымен қатар арзан тауарлар мен қызметтерге алдын ала төлем жасауды талап ететіндер де жиі кездеседі.

Тағы бір кең таралған тәсіл — жалған ұтыс ойындары. Мұндай жағдайда азаматтарға ұтысқа ие болғанын айтып, жүлдені алу үшін белгілі бір сома аударуды сұрайды. Интернет арқылы қосымша табыс табу немесе ақшаңызды бірнеше есе арттырып беремін деген уәделер де – интернет-алаяқтықтың айқын белгілері.

Сондай-ақ алаяқтар WhatsApp немесе Telegram мессенжерлері арқылы түрлі күмәнді сілтемелер жолдап, жеке деректеріңізді ұрлауы мүмкін. Осындай жағдайларда ешбір жағдайда бөгде адамға жеке мәліметтеріңізді беруге болмайды. Күмәнді ұсыныстарға сенбей, ақпаратты тек ресми көздерден тексеріп отыру — киберқауіпсіздіктің басты қағидасы.

Полиция қызметкерлері: "Алаяқтар психологиялық қысым көрсету арқылы азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Сондықтан әр адам цифрлық қауіпсіздік ережелерін біліп, өзінің жеке деректерін қорғауға жауапкершілікпен қарауы тиіс", — деп атап өтті.

Жалпы, Түркістан қаласында интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектептерде, мешіттерде, мемлекеттік мекемелерде және еңбек ұжымдарында да бұл тақырыпта лекциялар мен ақпараттық кездесулер жиі өткізіледі. Бұл — тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырудың тиімді тәсілі.

Азаматтардың қауіпсіздігі тек полицияның ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Күмән тудыратын жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға хабарласу немесе "102" нөміріне қоңырау шалу ұсынылады. Интернеттегі сақтық — өзіңді де, жақыныңды да алаяқтардан қорғаудың алғашқы қадамы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2025 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар 860 тексеру жүргізді, оның 343-і жоспардан тыс, 272 – профилактикалық бақылау шеңберінде, 245 –...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Цифрлық штабта Мемлекет басшысының цифрландыру саласындағы алға қойған міндеттерін жүзеге...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы өтуде. Бұл бастаманың...