Техникалық және кәсіптік білім алған жас маман үшін еңбек нарығына бейімделу — маңызды әрі жауапты кезең. Бұл тұрғыда Шымкент қаласы колледж түлектерін жұмыспен қамту бойынша нақты механизмдер енгізіп, кешенді қолдау шараларын іске асырып келеді. Қаладағы білім беру мекемелері мен жұмыспен қамту орталықтары арасында орнаған тығыз байланыс – түлектердің еңбек жолын оңай бастауына мүмкіндік беруде.
Шымкент қаласында 2025 жылы 26 мемлекеттік және жекеменшік колледжге 8000 орынға дейін мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Бұл көрсеткіш — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қамтумен қатар, жұмыс берушілермен бірлескен дуальді оқыту жүйесінің тиімділігін көрсетеді. Колледждер оқу бағдарламасын жұмыс берушілердің нақты талаптарына бейімдеп, студенттердің өндірістік тәжірибесін сол кәсіпорындарда ұйымдастыруда.
Мысалы, Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, агроөнеркәсіп және IT салалары бойынша оқыған студенттер оқуын аяқтамай жатып-ақ болашақ жұмыс орындарымен танысып, кәсіби ортада машықтана бастайды. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, қалада колледж түлектерін "Жастар практикасы" жобасы арқылы жұмыспен қамту жолға қойылған. Бұл бағдарлама бойынша жас маман жарты жыл бойы мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, мемлекет тарапынан еңбекақы алады.
Жұмыс табудағы тағы бір оң серпін – бос жұмыс орындарының интерактивті картасы. Бұл карта арқылы түлектер өз мамандығына сәйкес бос орындарды онлайн түрде қарап, тікелей өтінім жолдай алады. Шымкент қаласының Мансап орталығы бұл процесті цифрлы форматта ұйымдастырып отыр.
Алайда шешімін табуды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Кейбір түлектердің мамандығы сұранысқа сай келмей жатады, не болмаса тәжірибе жетіспейді. Сондықтан қала әкімдігі жастарға кәсіби бағдар беру мен қайта оқыту курстарын күшейтіп, еңбек нарығындағы өзгерістерге сай бейімделуін қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр.
Жалпы, Шымкентте колледж бітіргеннен кейін жұмыс табу – нақты механизмдер мен қолдау жүйелері арқылы біршама жеңілдеген. Бұл – мемлекеттің жастарды қолдауға бағытталған нақты қадамының нәтижесі. Ең бастысы – студенттің белсенділігі мен кәсіпке деген шынайы қызығушылығы болса, қалада кәсіби дамуға барлық жағдай бар.