Алматы қаласында соңғы үш ай ішінде бірнеше қаржы пирамидасының қызметі әшкереленіп, жүздеген азамат алаяқтардың құрбаны болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу шаралары нәтижесінде заңсыз қызмет жүргізіп келген жобалар тоқтатылды. Бұл оқиғалар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі мен қоғамда қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігін көрсетті.
Мәселен, «Matic Basket» деп аталатын жоба әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланып, адамдарға криптовалюта биржаларында майнинг пен трейдинг арқылы жоғары табыс табу уәде етілген. Салымшылар 5 000 теңгеден бастап 1 100 АҚШ долларына дейін қаражат құйған. Алайда ресми келісімшарттар мен құжаттар ұсынылмаған. Жүйенің табысы тек жаңа адамдарды тарту арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдерінен 1900-ден астам азамат тартылып, жиналған қаражат 80 миллион теңгеден асқан. Қазір бұл жобаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, күдіктіге елден шығуға тыйым салынды.
Сонымен қатар, өзін тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған қайырымдылық бағдарлама ретінде таныстырған «UILI BOLAYIK» жобасы да пирамида схемасы болып шықты. Ұйымдастырушылар азаматтарға тұрғын үйді бөліп төлеу арқылы сатып алуға болатынын айтып, оларға ай сайын 15–30% табыс және жаңа адам тартқаны үшін 10% бонус уәде еткен. Шын мәнінде, азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына түсіп отырған, ал ресми қор шоттары мүлде қозғалыссыз болған. Бұл жобаға 515 адам қатысып, жалпы 50 миллион теңгеден астам қаржы салған. Күдіктінің банктік шоттары бұғатталып, оған қатысты бұлтартпау шаралары қабылданды.
Тағы бір көзге түскен жағдай – «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» жобалары. Бұл жүйелер салымшыларға трейлер көру арқылы табыс табу мүмкіндігін ұсынып, оларды арнайы қосымшаға тіркелуге шақырған. Салымдар USDT криптовалютасы арқылы қабылданған, орташа мөлшері 225 мың теңгені құраған. Адамдарға жаңа қатысушыларды шақырғаны үшін сыйақы уәде етілген. Тергеу барысында криптовалюта арқылы жүргізілген ақша операциялары мен әмияндар анықталып, 3,8 миллион USDT көлемінде активтерге бұғат салынды.
2024 жылы елімізде қаржы пирамидаларына байланысты алаяқтық әрекеттер жиілеп, 42 заңсыз қаржылық схема анықталып, тоқтатылды. Мұндай жобалар азаматтарға жалпы 20 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Көрілген шаралардың нәтижесінде 13 миллиард теңгеден астам қаражат кері қайтарылып, 78 адам сот арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл деректер қаржы пирамидаларының әлі де кең таралғанын және оларға қарсы күресті күшейту қажеттігін көрсетеді.
Осы жағдайлар қоғамда тек құқық қорғау органдарының ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да белсенділігін талап етеді. Алматы қаласы әкімдігі бұл мәселеге бей-жай қарамай, тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырып келеді. Қала мектептерінде, колледждер мен университеттерде арнайы дәрістер, семинарлар мен ашық сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ақпараттық бейнероликтер мен ескертпе материалдар жарияланып, халыққа ескерту жасалуда.
Алматыда соңғы үш айда орын алған қаржы пирамидаларына қатысты фактілер халықтың осал тұстарын анық көрсетті. Тез байып кетуді көздеген азаматтар ешбір ресми кепілсіз, заңсыз жобаларға қаржы салған. Бұл жағдайлар алдағы уақытта азаматтарды қаржылық сауатты шешім қабылдауға тәрбиелеу қажеттігін еске салады. Әкімдік пен құзырлы органдардың үйлесімді жұмысы арқасында мұндай алаяқтықтың алдын алу мүмкіндігі арта түсуде.