Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру мақсатында кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы және Мемлекет Басшысы белгілеген «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жүзеге асып отыр.
Профилактикалық жұмыстың негізгі бағыты – балалар, жасөспірімдер және жаяу жүргіншілермен түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру. Алматы қаласының адам көп шоғырланатын көшелерінде полиция қызметкерлері кішкентай жол қозғалысы қатысушыларына жолды қалай қауіпсіз кесіп өту керектігін үйретіп, жарық шағылыстыратын элементтердің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, жолда мұқият болудың және тәртіп сақтаудың қажеттілігі еске салынды.
Ата-аналар мен ересектерге балалары жиі пайдаланатын көлік құралдары – самокаттар, велосипедтер мен электр самокаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де түсіндірілді. Полицейлер бұл техникалармен қозғалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау баланың жарақат алу қаупін едәуір төмендететінін атап өтті.
Мопед жүргізушілері де назардан тыс қалған жоқ. Қаланың бірнеше жүктемесі жоғары жол қиылыстарында профилактикалық акциялар ұйымдастырылып, азаматтарға мопед жүргізуге қатысты жаңа талаптар түсіндірілді. Бұл талаптар қатарында: көлік құралының техникалық төлқұжатының болуы, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің бар-жоғы, міндетті сақтандыру полисі, «А» санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы, жол ережесін сақтау және қорғаныш құралдарын – шлем мен жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану қажеттігі көрсетілді.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында полиция қызметкерлері тақырыптық брошюралар таратып, жүргізушілер мен тұрғындарды жол қозғалысы ережелеріне қатысты жиі кездесетін бұзушылықтармен таныстырды. Бұл материалдар қала тұрғындарының құқықтық сауатын арттыруға және жолдағы жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған.
Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты жолы – алдын алу мен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу екенін айтты.
«Бүгінде профилактика – жолдардағы жарақаттану мен құқықбұзушылықты азайтудың басты тетігі. Біз тек құқықбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, түсіндіруге, алдын алуға, үйретуге тырысамыз. Профилактика жылында біз түсіндіру жұмысын күшейттік, оның ішінде жас жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қауіпсіздік – бұл ортақ жауапкершілік, және заңды, жол қозғалысы мәдениетін қолдайтын азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді ол.
2025 жылдың басынан бері Алматы қаласында мопедтердің қатысуымен 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Аталған оқиғалардың салдарынан 6 адам қаза тауып, 646 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Бұл көрсеткіштер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кешенді шаралардың өзектілігін айқындайды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, профилактикалық жұмыстар аясында мопед жүргізушілерінің тарапынан орын алған 6 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл – жол ережелерін бұзған әрбір жүргізушіге заң аясында нақты шара қолданылып отырғанын көрсетеді.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауға, тәртіпті сақтауға және өздері мен айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыруда. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау мен заң талаптарын орындау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады.
Алматы қаласы бойынша профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін түсіндіру және бақылау жұмыстары қатар жүргізілмек. Полицейлер бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін мектептерде, жоғары оқу орындарында және қоғамдық орындарда тұрақты кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.