Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев Е.Н. жұмыс сапары аясында Алматы облысына барып, Іле ауданындағы Аксай ауылында орналасқан РМК «Республикалық орман селекциясы және тұқым шаруашылығы орталығы» Шығыс-Оңтүстік филиалының «Междуреченск» өндірістік учаскесіне барды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жердің жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Оның өндірістік қуаттылығы жыл сайын 900 мыңға дейін сексеуіл мен жиде көшеттерін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл учаске еліміздің оңтүстік өңірлерін — Алматы және Жамбыл облыстарын — жоғары генетикалық құндылыққа ие, өнімділігі жоғары әрі төзімді тұқымдармен және көшеттік материалдармен қамтамасыз етеді.
Сапар барысында Министр тұқымбақтың қызметімен танысып, оның жұмысын бағалады және елімізде тұқымбақ шаруашылығын дамыту маңызды екенін атап өтті.
Ел Президентінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сапар қорытындысы бойынша филиал басшылығына нақты тапсырмалар берілді:
* тұрақты орман тұқымы қорын құру;
* ғылыми мамандарды тарта отырып, сапалы көшеттерді өсіруді қамтамасыз ету.
Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы Қазақстанның орман ресурстарын сақтау мен қалпына келтіруге, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға маңызды үлес қосады.