Шымкент қаласында өткен жылы шалғай орналасқан 10 елді мекенге жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесіне қосылды. Олар: Ақжайық, Достық, Асар, Сәуле, Шұғыла, Көкбұлақ, Тассай, Нұртас, Таскен, Пахтакор шағынаудандары.
Биыл цифрландыру басқармасы тағы 15 елді мекенге сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Забадам, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау елді мекендеріне толықтай талшықты оптика желісі жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың соңына дейін Солтүстік-Батыс, Ақниет, Қызылжар, Асар-2, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Мирас,Мартөбе, Қайнарбұлақ саяжай аумағы оптика желісі жүргізіліп, 165 000 - нан аса тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.
Жыл басында қала әкімі Мұрат Әйтенов Тоғыс, Елтай Және Маятас тұрғын алабының тұрғындарымен кездесуінде интернет мәселесі көтерілген болатын. Осы елді мекендерге «Кар-Тел» компаниясы (Beeline) тарапынан екі базалық станция орнатылып, бүгін іске қосылды. Нәтижесінде 14 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетке қол жеткізді. Цифрландыру басқарманың жоспары бойынша 2023 жылы жоғарыда аталған елді мекендерде талшықты оптика желісі де жүргізіледі.
Өткен жылы қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетпен қамтылған. Одан бөлек инвестор есебінен 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізілді. Осы жылы 15 елді мекенге талшықты оптика желісін тарту жұмысы жоспарланып отыр. Ол үшін қазір қажетті құрал-жабдықтар жеткізілуде. Шалғайда орналасқан мектептерге жоғары жылдамдықтағы интернет тарту мақсатында Асар-2 шағын ауданына радиусы 30 шақырымға жететін базалық станция орнатылуда. Бүгінде жер телімін анықтау жұмысы атқарылуда. Базалық станция іске қосылса, сол маңда орналасқан мектептердің интернет мәселесі толығымен шешіледі. Басқарма басшысы қоғамдық орындарға тегін WI-FI желісін орнату жұмысына да тоқталды. 2021 жылы Ubiquiti Networks технологиясымен 30 тегін WI-FI нүктелері іске қосылған. Биыл аудан әкімдіктерімен бірлесе 9 орын анықталып, жыл соңына дейін 25 WI-FI құрылғысы қойылады. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық орындар 100% ақысыз интернетпен қамтылады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.