Түркістан қаласының Ынтымақ үйінде қоғамдық ұйымдар қатары артты, деп хабарлады Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шараға шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков пен Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде "Үкіметтік емес ұйымдарды бір шаңырақтың астына жинаудағы негізгі мақсатымыз - Түркістанды түлетуге, өркендетуге жұдырықтай жұмылдыру, осылайша өзгелерге бірлік пен тиянақты тірліктің үлгісін көрсету. Мұндағы Қоғамдық келісім Кеңесі, "Чернобыль-Семей" Одағы, "Ядролық сынақ полигонының ардагерлері мен мүгедектері" қоғамдық бірлестігі, Ауған соғысы ардагерлер Кеңесі, өзбек, түрік, славян этно-мәдени бірлестік өкілдері "Ынтымақ үйінде" игі бастамаларымен қуантады деп сенемін" деді.
Ынтымақ үйіне орналасқан ұйым мүшелері ризашылығын білдіріп, әлі талай жүйелі жұмыстар жасайтынын айтты.
Былтыр ашылған Ынтымақ үйінде жоғарыда аталған ұйымдардан бөлек, қалалық "Ақсақалдар алқасы", "Билер алқасы", "Әйелдер кеңесі" және "Шұғылалы таң" қоғамдық қоры жайғасқан.