Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов аумақтағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.
Ал, 2 кезеңіндегі жалғасы КХ-41 автомобиль жолының атауы жоқ көшеге дейінгі аумақты алып жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
3-кезеңге сәйкес жұмыстар КХ-41 автомобиль жолынан атауы жоқ көшеге дейінгі аралықта жүргізілуде. Көшенің ұзындығы – 2 шақырым, ені-5м. Қазіргі таңда асфальтбетон жамылғысының 1 қабаты төселіп, жұмыстың 80% аяқталды. Екінші қабатын төсеу жұмыстары маусым айының соңына жоспарланған.
Сонымен қоса, Мұрат Әйтенов қаладағы орташа жөндеу жұмыстары аяқталған бірнеше көшені аралады. Соның бірі - Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы Сыдықхан ата көшесі. Көшенің ұзындығы - 2,7 шақырым, ал ені - 5 метр. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Жалпы биыл Шымкентте 308 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 145-нде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 163 көшенің жұмыстары күзге дейін аяқталады деп күтілуде. Айта кетейік, үшінші мегаполисте биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады. Айта кетейік, жол таңба сызықтарын сызу түнгі уақытта жүргізілуде. Мұның өзі күндізгі уақытта көлік кептелісін тудырмау мен қозғалысқа кедергі келтірмеу мақсатын көздейді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.