Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу алдында аудан әкімі Ибата елді мекеніндегі мәдени ошақтарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
13 мың кітап қоры бар ауылдық кітапхананы аралаған аудан әкімі кітапханаға оқырман тарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін айтты.
«Ауылдық жерлерде кітап оқушылардың санын көбейту керек. Қазірдің өзінде де оқырмандар саны көңіл қуантарлық. «Адамды адам еткен - кітап, адамзат еткен - кітапхана» деген Әбіш Кекілбаевтың ұлағатты сөзі бар. 22 жыл бойы осы кітапхананың кітап қорын көбейтіп, оқырмандармен тығыз жұмыс жасаған кітапханашының да еңбегі өлшеусіз»,- деді Ғ. Рысбеков.
Аудан әкімі 2013 күрделі жөндеуден өткен 260 орындық ауылдық мәдениет үйінің жағдайымен де танысты. Ауыл тұрғындары тарапынан Ибатаға жаңа мәдениет үйін салу жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Аудан әкімі ауылға қазіргі таңда жаңа мәдениет үйін салу қажеттілігі жоқ екенін, аудан орталығына зәулім мәдениет үйі салынатынын жеткізді. Сондай-ақ ауыл ішіндегі өнерпаздарды жинап, тұрғындарға жиі-жиі мәдени кештер ұйымдастыру керектігін айтты.
«Мәдениет үйі - аты айтып тұрғандай, біздің мәдениетімізді қалыптастыратын жер. Мәдениет үйі бос тұрмауы қажет. Ауыл тұрғындары үшін шығармашылық кештер ұйымдастырып, үйірмелер жұмысын күшейту керек»,- деді Ғани Рысбеков.