Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «Аманат» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының VI съезіне қатысқан шымкенттік делегаттармен кездесті.
Кездесуде жастар съез барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы баяндады. Еліміздің әр тарапынан келген белсенді жастармен тәжірибе алмасып келуге мүмкіндік берген партияға алғыстарын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастар болғандықтан, жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
- Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі үміті, сенімді тірегі екенін нақты көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей жастар үшін маңызды білім, еңбекқорлық және отаншылдық бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруымыз қажет. Сіздерге артылар үміт пен жауапкершілік орасан. Бүгінгі жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы сынды бағытта жұмыс жасаудамыз. Ай сайынғы жастармен кездесу жалғаса береді. Әрдайым жалынды ойларыңыз бен идеяларыңызды қолдауға дайынбыз, - деп сөзін қорытындылады.
Мұрат Дүйсенбекұлы ел болашағы — жастардың өзекті мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстың басым бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
- Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеді. Соған қарамастан жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлық мәселелері өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан барлық мүдделі органдарды бірлесе отырып алдын алу жұмыстарын күшейтуге шақырамын, — деген Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық және нашақорлықтың алдын алу бойынша біраз деректер келтірді.
Кеңес отырысын қортындылаған Мұрат Әйтенов жастар саясаты мәселелеріне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.