Сайлау соңы ойран болмаса игі еді. Беларусьтегі саяси науқан енді өзгеше реңге ие болғандай, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кешегі ресми мәліметке келіспейтіндер көшеге шықты. Олар даусымыз ұрланды деп дауыс көтерді. Орталық сайлау комиссиясының келтірген деректеріне күмәнмен қараған кім?
Беларусьте президенттік сайлау аяқталды. Алдын ала санаққа қарағанда, Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Елдің орталық сайлау комиссиясы Лукашенко сайлаушылардың 80 проценттен астам дауысын жинағанын мәлімдеді. Ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10 проценттей дауысқа ие болған.
Лидия Ермошина, Беларусь орталық сайлау комиссиясының басшысы:
– Сонымен елдің алты аймағының бесеуіндегі санақ қорытындысы бойынша, президенттікке кандидат Александр Лукашенко 82,8 процент дауыс жинап, алда келеді. Канапатская 2,38, Дмитириев 1,04, Тихановская 6,89, Черачен 1,41 процент дауысқа ие болды. Құрметті азаматтар сайлау аяқталғанымен бюллетендерді санау әлі жалғасып жатыр.
Бірақ сайлаудың алғашқы нәтижесі жариялана салысымен Минск орталығына адамдар жиналып, милициямен қақтығыс басталды. Наразы топ дауыс беру нәтижесі бұрмаланды деп отыр.
Милиция шеруге шыққандарды тарату үшін көзді жасаурататын газ қолданып, су шашты. Наразылық танытқандар болса, қоқыс жәшіктерінен шеп құрып, қарсылық танытты. Жапа шеккендер бар. Елдің Ішкі істер министрлігі шеруге байланысты дереу оперативтік шатб құрып, жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
Ал экзитполға қарағанда, сайлау қорытындысы ресми дерекке қарама-қайшы. Себебі бейресми санақ бойынша, оппозиция өкілі Светлана Тиханоская дауыс берушілердің 79 процентін, ал Лукашенко 6 процент дауыс жинағанын көрсеткен.
Валерия Цепкало, президенттікке үміткер Светлана Тихановскаяның жақтасы:
– Менің ойымша, олар дауыс беру нәтижесін теріс көрсетіп, бұрмалаған. Егер тәуелсіз санаққа сүйенсек, Лукашенко емес Тихановская 70 проценттен астам дауысқа ие болды деп ойлаймын. Мәскеу және тағы басқа қалаларда оны қолдаушылардың қарасы тіпті көп.
Ал Тихановская өзі милиция мен шерушілерге үндеу жолдап, қақтығысқа жол бермеуге шақырды. Соңғы мәліметке қарағанда, таңға таман қалада шерушілердің қарасы азайып, қақтығыс басылған. Әзірге қанша адамның ұсталып, қанша кісінің жарақат алғаны белгісіз.