Атырау қаласындағы су қоймаларына жыл басынан бері 15 адам суға батып кеткен, олардың төртеуі кішкентай бала деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.
«Басқарма қызметкерлері апта сайын суда қауіпсіз жүріс-тұрысқа арналған жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізеді. Іс-шаралар барысында жағажайларда демалушылар, соның ішінде балық аулау әуесқойлары профилактикалық әңгімелесулермен қамтылады, оларға судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы жадынамалар беріледі», - делінген аталған хабарламада.
Әдетте, судағы қайғылы жағдайлар суға түсуге арналмаған жерлерде және судан құтқару станциясының қызмет көрсету аймағынан тыс аймақтарда болады екен.
Атырау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарында демалу кезінде келесі қауіпсіздік қағидаларын сақтауды ескертеді:
- мас күйінде шомылуға қатаң тыйым салынады;
- жүзіп жүрген адамға кедергі келтіретіндей қалыпта сүңгуге, оны ойнап суға батыруға, суға батып бара жатырған адамның кейпін танытуға, сондай-ақ, пирстардан, қайықтан секіруге тыйым салынады;
- балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар! Судағы жағдайдың куәсі болсаңыз, жедел «112» нөмірі арқылы құтқарушыларға хабарлаңыз.
«Сондай-ақ, тұрғындарды тек арнайы жабдықталған, тексеруден өткен жағажайларда шомылуға, су ішіндегі шектеу белгілерінен аспауға, суға түсуге арналмаған құралдарды (үрмелі матрацтарды, автокөлік камерлерін және тағы да басқалары) қолданбауға және моторлы қайықтар мен гидроциклдарға, кемелерге жақын бармауға шақырамыз», - дейді Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері.