ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет Басшысының жариялаған Жолдауын іске асыру жөніндегі Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін мақсатты пайдалану мүмкіндігі мәселелері бойынша түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, Бірыңғай зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) жинақтардың бір бөлігін жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге алу құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:
- Зейнетақы жинақтары бар еңбекке жарамды жастағы азаматтар – «жеткіліктілік шегі» деп аталатын сомадан асатын бір бөлігі (шамамен 529,7 мың адам).
Негізгі қағидат – зейнетақы жинақтары азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесінен (бұдан әрі – ЖЗЖ) болашақ зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін қажет. Сондықтан белгілі бір сома зейнетақы шотында қалуы керек. Осы соманың артығын азаматтар өз қалауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады.
- БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткерлер - қалған соманың 50%-ына дейін (шамамен 178,4 мың адам).
Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс.
- Зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған соманы (шамамен 13,3 мың адам).
«Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады», – деді Біржан Нұрымбетов.
Еңбекмині басшысының айтуынша, «жеткіліктілік шегі» белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді, ол сома оның табысынан БЖЗҚ-ға тұрақты түрде жүзеге асырылатын 10% зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып, 82 жасына дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері:
- әйелдер мен ерлер үшін бірдей;
- қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады);
- 20 жастан бастап әр жас үшін есептеледі.
«Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн. 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн. 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн. 586 мың теңге. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді», – деп түсіндірді министр.
Біржан Нұрымбетов сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өздері, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) үшін емделудің ақысын төлеу үшін пайдалана алатынын атап өтті. Мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.
«Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қою саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады», – деп атап өтті ол.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тұрғын үй (бастапқы және қайталама нарықта) немесе жер учаскесін сатып алу, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейдегі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), өз тұрғын үйін салу немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайларын жақсартудың басқа да нұсқаларын көздейді. Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін.
«Бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға мақсатты пайдалануға Уәкілетті оператор ретінде қайта құрылатын «Отбасы Банкі» («Тұрғын үй жинақтаушы банкі» АҚ – ТҮҚЖБ) ұсынылады.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.