Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаланы абаттандыру мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы қалада қар күреу мәселесі өте өзекті болып тұрғанын мәлім етті.
«Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Тәртіп барлық жерде болуы керек. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады.
Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн», - деді Мемлекет басшысы.